$ 492.14  528.85  5.01
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
18.09.2024, 10:35
Қоғам

«Ассамблея – ел бірлігін орнықтыратын тиімді құрылым»: ұйымның Ақмола облысындағы тынысы қандай

Қазір облыста 48 этномәдени бірлестік қызмет етеді 

«Ассамблея – ел бірлігін орнықтыратын тиімді құрылым»: ұйымның Ақмола облысындағы тынысы қандай
Фото: Ақмола облысы Ассамблеясы

Бүгінде Ақмола облысында  48 этномәдени бірлестік және 104 аналар кеңесі, 21 ақсақалдар кеңесі жұмыс істеп тұр. Облыста 100-ден астам этнос және этникалық топ өкілдері тұрады. Тәуелсіздік алған уақыттан бері елімізде тату-тәтті, бір шаңырақ астында, өзара бірлікте өмір сүріп келеді. Осы ретте Azattyq Rýhy тілшісі облыстағы Ассамблея бағыттарының маңызы мен қазіргі атқарып отырған жұмыстарына шолу жасады.

«БІРЛІГІ ЖАРАСҚАН ӨЛКЕ»

Бүгінде Ассамблея этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маңызды құралға айналды. Сонымен қатар Ассамблея Қазақстанда өмір сүріп жатқан барлық этностың өзара тең құқылығын қамтамасыз етуші алаң рөлін мүлтіксіз атқаруда. Оны Президентіміз де талай рет көптеген жиында тілге тиек етіп жүр.

«Ассамблея – кейбір адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым. Бүгінде бұл – конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган. Ассамблея өте ауқымды қайырымдылық шараларын дер кезінде және жедел ұйымдастырып келеді. Мұның бәрі көп жылдық жүйелі жұмыстың нәтижесі екені сөзсіз. Ассамблея дүниеге келген жылдан бері атқарған қызметі мен жүріп өткен сара жолы қазақстандық этносаралық және конфессияаралық келісім үлгісі әлемдік қауымдастық алдында беделді ұйымдардың бірі болып, ел қоғамының құрамдас бөлігіне айналды», - деген еді Мемлекет басшысы.

Міне, президент айтып өткендей бүгінде Ассамблея беделді ұйымдардың бірі. Оны біз Ақмола облысында ұйымдар мысалында талдап көрдік.

Биыл сегіз айдың ішінде Ақмола облысының этномәдени бірлестіктері 2800-ден астам адамды қамти отырып, 80-ге жуық іс-шара өткізген. Олардың ішінде «Этностар мәдениеті күндерін» өткізу, «Соллаль» корей жаңа жылы, «Ақ жаулық – талдаудың рәміздері» атты қырғыз мерекесі, шешендер мен ингуштардың Қазақстанда тұруының 80 жылдығына арналған естелік іс-шаралар, М. Жалил күні, Масленица мерекесі және Чуваш республикасының қонақтарын шақыра отырып, Чуваш орталығының құрылғанына 10 жыл толуы, «Русская песня» халық ансамблі мен «Синегорье» вокалдық тобы солистерінің шығармашылық кештері бар. Бұдан басқа Алғыс айту күні, Наурызнама, Қазақстан халқының бірлігі күні, Астана күні, домбыра күнін мерекелеу және түрлі мақсатта кездесулер өткен.

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының міндетін атқарушы Айгүл Нұрмағанованың айтуынша, облыста тіркелген 48 этномәдени бірлестіктің жиырма екісі ҚХА этномәдени бірлестіктерінің қоғамдық аккредитациясынан өткен.

«Көкшетау қаласының Достық үйінде 17 облыстық этномәдени бірлестіктің жұмыс бөлмелері орналасқан. Бірлестіктер құрамына қазақ ұлтынан бастап, орыс, украин, татар, башқұрт, өзбек, құрд, әзербайжан, чуваш, армян, кәріс, еврей, ингуш, түрік, поляк, тәжік сияқты ұлттар да кірген. Мекемеде этномәдени бірлестіктердің «Русская песня» халық ансамблі, «Ғалиябану», «Синегорье» вокалдық тобы, «АЛЛОН» лезгинка би мектебі және тағы басқа да шығармашылық ұжымдары табысты дамуда. Биылғы жылы облыстың этномәдени бірлестіктері 2800-ден астам адамды қамти отырып, 75-ке жуық іс-шара өткізді. Олардың ішінде «Этностар мәдениеті күндерін» өткізу, «Соллаль» кәріс жаңа жылы, «Ақ жаулық – талдаудың рәміздері» атты қырғыз мерекесі, шешендер мен ингуштардың Қазақстанда тұруының 80 жылдығына арналған естелік іс-шаралар, Мұса Жәлил күні, Масленица мерекесі және Чуваш Республикасынан қонақтар шақыра отырып, Чуваш  орталығының құрылғанына 10 жыл толуын, «Русская песня» халық ансамблі мен «Синегорье» вокалдық тобы солистерінің шығармашылық кештерін атап өтуге болады. Оған қоса, түрлі этностардың белсенді атсалысуымен Алғыс айту күні, Наурызнама, Қазақстан халқының бірлігі күні, Астана күні, Домбыра күні өлкеміздің көптеген ұлттар өкілдері тоғысқан бірлігі жарасымды өңір екенін көрсете білді» , - дейді Айгүл Нұрмағанова.

Жалпы Қоғамдық келісім мекемесі 8 қоғамдық құрылыммен өзара іс-қимыл орнатқан екен. Атап айтқанда, олар Ақсақалдар, Аналар және Медиация кеңестері, Журналистер клубы, Ғылыми-сараптамалық топ, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдігі, Сәндік-қолданбалы өнер шеберлері одағы, Кәсіпкерлер қауымдастығының филиалы.

«Бұл қоғамдық құрылымдар Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы мен біздің мекеменің жобаларын іске асыруға белсенді қатысады. Мысалы, облысымызда зейнет демалысындағы қарттардың басын біріктірген Ақсақалдар кеңесі, әйелдерден құралған 104 Аналар кеңесі тәрбиелік мәні бар іс-шараларды үзбей өткізіп келеді. Сол сияқты, Достық үйінің базасында бір медиация кабинеті, аудандардағы он сегіз медиация алаңында 31 медиатор қызмет атқарады. Этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуде Журналистер клубының да орны ерекше. Оның құрамына облыстық, қалалық газеттер мен облыстық телеарнадан 17 журналист кіреді», - деп толықтырды «Қоғамдық келісім» мекемесінің өкілі.

«ҚАЙЫРЫМДЫ ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫ»

Көпшілікке мәлім ҚХА негізгі бағыттарын қайырымдылық құрайды. Тағы да мемлекет басшысының сөзін дәйек етсек.

«Халықтар арасындағы ажырамас ынтымақ жібін жалғап жатқан керемет келбет – қайырымдылық. Ұлы мекенде ұрпағымен өсіп-өніп отырған өзге этнос өкілдері ерлер етігімен су кешкен тасқынға тосқауыл ісінде де бір екендігін байқатты... Мұның бәрі – өзара жанашыр және тілеулес болудың айқын көрінісі», - деген еді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясында.

Қайырымдылық бағытында да Ақмола Ассамблеясы үлкен жұмыстар атқарып жүр.  

«Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясы қайырымдылық қызметін дамыту бойынша үлкен іс-шараларды қолға алады. Бұл жұмысқа этномәдени бірлестіктер, Ассамблеяның қоғамдық құрылымдары, еріктілер, бизнес өкілдері және меценаттар белсенді қатысады. Жылдың басынан бері жалпы сомасы 114,4 миллион теңгені құрайтын 63-тен астам қайырымдылық іс-шаралары өткізіліп, оған 19 мың адам қамтылды. Олардың қатарында мейірімділік күніне арналған қайырымдылық акциялары, ҚХА-ның «Қайырымдылық керуені» жобасы аясындағы жәрмеңкелер, «Наурызнама» онкүндігін мерекелеу аясындағы «Жүрек жылуы» және Көкшетау қаласының Аналар үйіндегі «Балаларға жылу сыйла» акциялары, Құрбан айт мерекесі, Астана күні мерекесіне орай өткізілген қайырымдылық акциялары және су тасқыны кезеңінде тұрғындарға көрсетілген көмек түрлері бар. Қазақстан халқы Ассамблеясы желісі бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар кезеңінде мекемеміздің бұрынғы басшысы Ермек Нұғымановтың басшылығымен штаб құрылып, табиғат апатынан зардап шегушілерге ұйымдар мен тұрғындар тарапынан жалпы сомасы 22 миллион теңгенің көмегі жасалды», - дейді Айгүл Нұрмағанова.

Бұдан бөлек мейірімділік күніне арналған қайырымдылық акциялары, ҚХА «Қайырымдылық керуені» жобасы аясындағы жәрмеңкелер, «Наурызнама» онкүндігін мерекелеу аясында – «Жүрек жылуы» және Көкшетау қаласының Аналар үйіндегі «Балаларға жылу сыйла», Құрбан айт мерекесі, Астана күні мерекесіне орай қайырымдылық акциялары бар.

Ерекше айтатын жайт, Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен елімізде республика бойынша «Мектепке жол» акциясы кең ауқымда өтті. Аталғаны акцияға Ақмола облысы ассамблеясының этномәдени бірлестіктері мен қоғамдық құрылымдары, атап айтқанда, «Манас» қырғыз, «Чинсон» корей, «Бари» армян, «Русская  община» орыс этномәдени орталықтары, Аналар кеңесі белсенді қатысты. Игі шара аясында «Санги Кабуд» тәжік этномәдени бірлестігі Көкшетау қаласындағы Достық үйінде 27 аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды жинап мектеп сөмкесі, оқу құралдары түрінде сыйлық жасады. Жалпы «Мектепке жол» акциясы басталғалы Ақмола облысы ассамблеясының этномәдени бірлестіктері мен қоғамдық құрылымдары 631 балаға 7,9 млн теңге сомасында көмектер көрсетті.

«ҚАРИЯСЫ БАРДЫҢ ҚАЗЫНАСЫ БАР»

Мемлекет басшысы өткен жылдары Атырау облысында өткен Ұлттық құрылтайда Ақсақалдар кеңесінің жұмысын одан әрі оңтайландыру туралы пікір айта келе, Қазақстан халқы ассамблеясы жанынан «Ақсақалдар алқасын» құруды ұсынған еді. Ондағы мақсат - халық бірлігін нығайтуға бірлесе күш жұмылдыру, жастарды арандатушылықтан сақтау және оларға дұрыс жол сілтеу.  Осы жиыннан кейін Президенттің тапсырмасын іске асыру барысында бірқатар шара қолға алынды. Қазақстан халқы ассамблеясы мәліметтеріне қарағанда, 1 жылдан аса мерзім ішінде облыстық, аудандық және ауылдық деңгейде мыңнан аса кеңес құрылған. 

Тек Ақмола облысында 208 адамды қамтитын 21 Ақсақалдар кеңесі жұмыс істейді. Биылғы жылдың 8 айында Ақсақалдар кеңесі мүшелерінің қатысуымен 85-ге жуық іс-шара өткізілді. Ол шаралардың негізгілері халықтың әлеуметтік мәселелерін уақтылы анықтау және шешу бойынша профилактикалық жұмыс жүргізу, сондай-ақ саяси реформаларды іске асыру барысы бойынша ақпараттық-түсіндіру кездесулерін өткізуге бағытталды. Сонымен қатар Алғыс айту күнін және Наурызнаманы мерекелеу, Қазақстан халқының бірлігі күніне, Отан қорғаушылар және Жеңіс, Астана, Домбыра, Абайдың туған күні сияқты атаулы мерекелік күндерде ұрпақ сабақтастығын сақтау мақсатында салихалы кездесулер мен жиындар ұйымдастырылды.

Бүгінгі қоғамда Аналар кеңестерінің атқарып отырған жұмыстарының орасан зор екенін айту керек. Қазіргідей отбасылық құндылықтар өзгеріп жатқан уақытта аталған ұйымның жұмысын одан әрі жандандыру уақыт және қоғам талабы дер едік. Аналар кеңесі жұмысының негізгі бағыты – елімізде жүргізіліп жатқан отбасылық – демографиялық саясатқа қолдау көрсете отырып, отбасы институтын сақтау мен нығайтуға ықпал ету. Оның ішінде өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға үлес қосу. Сонымен қатар әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мәселелерін шешуге, ұлттық құндылықтарды, дәстүрлерді жаңғыртуға үнемі атсалысу. Ақмола облысында 104 Аналар кеңесі жұмыс істейді, олар осы жылғы 8 айда  төрт мыңнан асатын адамдарды қамтыған 80-ге жуық іс-шара өткізді. Облыста өтетін іс-шаралардың негізгі бөлігі ҚХА «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында ұйымдастырылады. Олардың ішіндегі ең ауқымдысы «Ақ жаулық – Аналардың символы» фестивалі, «Қыз-ұлт болашағы», «Бұрымды қыз» және «Қыз тәрбиесі - ұлт тәрбиесі» облыстық конкурстары. «Еңбек адамы» идеясын ілгерілету аясындағы «Менің жетістігім менің нәтижем» атты кездесуі, Бурабай ауданында  «Қазақ тарихында есімі қалған аналардың келбеті» атты форум, Аналар күніне орай мастер-класстар, қайырымдылық акциялары, дөңгелек үстелдер, «Анаға тағзым» форумы, «BEAUTY KOKSHETAU 2024» сән байқауы.

Статистикалық мәліметтерге қарағанда  2024 жылдың басындағы жағдай бойынша Ақмола облысында 78 7976 адам, 100-ден астам этнос және этникалық топ өкілдері тұрады. Оның 445647-сі қазақ, көп шоғырланған этностар 208 мың орыс, 39 мың украин, 29 мың неміс, 13 мың татар, 11 мың беларусь және тағы басқа ұлт өкілдері. Мемлекет негізін құрайтын қазақ ұлты 56,5 пайызға жетіп отыр.

Серіктес жаңалықтары