«Ұлының оқу ақысын төлеуге міндеттеген»: Қызылордада лауазымын асыра пайдаланған экс-шенеунік сотталды
Ол енді өмір бойы лауазымды қызмет атқара алмайды
Қызылордада кәсіпкерлерді ұлының оқу ақысын төлеуге міндеттеген экс-шенеунік сотталды. Бизнес өкілдерінің жұмыс істеуіне мүмкіндік бермей, лауазымын асыра пайдаланған бұрынғы басқарма басшы 9 ай бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Информбюро жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Сотталушы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасын басқарып отырған тұста ұлының бір жарым миллион теңге оқу ақысын кәсіп иелеріне төлеуді тапсырған. Одан қалды бизнесмендер құны 7 миллион теңгеге жуықтайтын дизель отынымен қамтамасыз етіп отыруға міндеттеліпті. Сондай-ақ, кей кәсіпорындардың сұйытылған газ алуына заңсыз шектеу қойып, жұмыс істеулеріне кедергі келтірген. Экс-шенеуніктің бұл әрекетінен кәсіпкерлерге 27 миллион теңгедей шығын келіпті.
Басқарманың бұрынғы басшысы жасаған заңсыз әрекеттерінің барлығы сотта дәлелденді. Сондықтан қамалған экс-шенеунік енді өмір бойы лауазымды қызмет атқара алмайды.