«Nur Otan» Мақтаарал ауданына 400 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді
Алдағы күндері «Nur Otan» партиясының басқа филиалдарынан да гуманитарлық көмек жеткізіледі
«Nur Otan» партиясы Түркістан облысы Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға 400 тоннадан астам гуманитарлық көмек жіберді. Бұл көмек Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша көрсетілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Nur Otan» партиясы Мақтаарал ауданының тұрғындарына көмек көрсетуді жалғастырады. Жақын арада партияның қалған филиалдары өздерінің гуманитарлық көмектерін жөнелтеді. Бүгінде арнайы қоймада 270 тоннадан астам азық-түлік қоры жиналған. Оның 90 тоннасы таратылды. Бақылау «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы басшылығына жүктелген.
«Бүгінде қоймада 270 тоннадан астам азық-түлік сақталуда. Штаб қоймасы тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек тағы екі қойма әзірленеді. Тұрғындарға керекті заттардың бәрі шұғыл түрде жеткізіліп жатыр. Қабылдап алу мен таратып беру ісі жүйеленіп, тек сұранысқа сәйкес үлестірілуде», – деді «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев.
Айта кету керек, Нұр-Сұлтан қаласы Мақтаарал ауданына 40 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Бірінші қажеттілік заттары мен азық-түлік апатқа байланысты құрылған штабтың орталық қоймасына жеткізілді. Алдағы күндері «Nur Otan» партиясының басқа филиалдарынан да гуманитарлық көмек жеткізіледі. Ал Алматы қаласы 70 тонна азық-түлік пен бірінші кезектегі қажетті заттарды жөнелтті. Ақтөбе облысы 50 тонна азық-түлік пен қажетті заттарды жіберді. Павлодар облысы 40 тонна гуманитарлық көмек жіберді (оның ішінде 20 тонна көкөніс және 20 тонна бірінші қажеттіліктегі азық-түлік).
Сонымен қатар Қызылорда облысынан 15 тонна гуманитарлық көмек келіп түсті. Маңғыстау облысы 7,5 тонна азық-түлік жіберді. Облыс жақын арада екінші қайтара көмек керуенін жөнелтуді жоспарлап отыр. Атырау облысы 150 тонна азық-түлік пен күнделікті қолданатын қажеттілік заттарын жіберді. Ал Түркістан облысындағы «Nur Otan» партиясының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жалпы сомасы 32 млн теңгеге 30 тонна азық-түлік жөнелтті. Азық-түліктен басқа киімдер және жеке гигиена заттары да бар.