Теміртау қаласында арнайы жасақ сақшыларына күш қолданғандар сотталды
Карағанды облыстық соты апелляциялық шағымды қарады

Карағанды облыстық соты Теміртау қалалық сотының үкімін қайта қарап, бір топ азаматқа қатысты қатаң жаза тағайындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
2023 жылдың 8 қазанында, шамамен сағат 04:05-те Теміртау қаласындағы «Меруерт» мейрамханасының көлік тұрағында бір топ азамат пен қызметтік міндеттерін атқарып жүрген Жедел қимылдайтын арнайы жасақ (СОБР) қызметкерлері арасында жанжал туындаған. Күдіктілердің бірі, Ф. және оның таныстары Ш., С., Ә., және С. жанжал барысында полиция қызметкерлеріне денсаулыққа зиян келтірмейтін күш қолданғаны анықталды.
Теміртау қалалық соты күдіктілерді Қылмыстық кодекстің 380-бабының 4-бөлігі 1),3) тармақтары бойынша айыпты деп танып, Ф. мен Ш.-ға бас бостандығынан айыру жазасын, ал С., Ә., және С.-ға бостандығын шектеу жазасын тағайындаған болатын.
Алайда, прокурор үкімнің тым жұмсақ екендігіне наразылық білдіріп, соттан С., Ә., және С.-ға қатысты жазаны күшейтуді сұраған. Оның пікірінше, күдіктілердің әрекеттері мемлекеттік басқару тәртібіне қауіп төндіріп, қоғамдық тәртіпті бұзған.
«Карағанды облыстық соты апелляциялық шағымды қарап, алғашқы сот шешімінің тым жұмсақ екенін ескеріп, С., Ә., және С.-ға қатысты жазаны өзгертіп, әрқайсысына 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды», - делінген хабарламада.