$ 537.91  628.87  6.6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
29.08.2024, 22:30
Қоғам

«Полицейлер ұрып-соғып, қинаған»: Әнару Қалдыбекқызының ісі бойынша тың деректер жарияланды

Жәбірленушінің адвокаты Ләззат Ахатова жаға ұстатар фактілерді жазды

«Полицейлер ұрып-соғып, қинаған»: Әнару Қалдыбекқызының ісі бойынша тың деректер жарияланды
Фото: Ләззат Ахатованың парақшасынан алынды

Жақында ғана адвокаттық қызметін қайта жаңғыртқан Ләззат Ахатова Алматыда өтіп жатқан Жанқош Тұраровтың ісіне қатысты тың мәліметтер айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Әнаруға осындай қадамға бару оңайға соқпаған»

Ахатованың айтуынша, жәбірленуші Әнару Қалдыбекқызы үшін сот ісі үлкен күйзеліс болған.

«Қыз қатты күйзелісте жүргендіктен, сұқбатта ойын жинақтай алмай, көп нәрсені айта алмаған. Өзіне бүкіл әлем түсінбей, қарсы болатындай, тіпті суицид жасардың алдында айтып кетем деген ой болған сияқты. Дегенмен мықты екен. Буллингке қарсы тұрудың өзі мықтылық қой. Қазір Сіздердің қолдауларыңызды сезініп, ес жия бастады, - дейді адвокат.

2018 және 2023 жылдардағы оқиғалар

Ахатова жәбірленушінің 2018 жылы Тұраровқа қатысты алғаш рет шағым түсіргенін мәлімдеді.

«Әнару Жанқош Тұраровтың үстінен 2018 жылы Алмалы аудандық полиция бөліміне арыз берген екен. Бір күн қамауда ұстап, арызын қабылдамай, жіберген. Куә болған құрбысы бар», - деп жазды ол.

2023 жылы Әнару Қалдыбекқызы Тұраровпен қарым-қатынасты тоқтатып, енді жайына қалдырмаса, арыз жазатынын айтқан.

«Артынша көшеде Әнаруды полицейлер ұстап, машинаға салып, Жетісу аудандық полиция бөлімшесіне алып келіп, бірнеше сағат ұрып-соғып, электрошокермен күйдіріп, қинаған. Себеп-салдарын айтпаған. Не болғанын да түсінбеген Әнару Қалдыбекқызы ұрып-соққан полиция қызметкерінің үстінен арыз түсірген. Іс сол күйі жабылып қалған. (!) Қайта арызданамыз», - деп жазды Ахатова.

Тергеу және дәлелдемелер

Адвокат Ахатова осы оқиғаларға байланысты тиісті мекемелерге ресми сауалдар жолдағанын хабарлады.

«Астанадағы тәуелсіз сот сараптама орталығының нұсқауымен ертең тәуелсіз сарапшылар мен дәрігерлердің қарауына жазылып қойдық» - дейді ол.

Ахатова бұл істің әділ өтуін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға дайын екенін атап өтті.

Айыптаулар мен айғақтар

Адвокаттың айтуынша, Жанқош Тұраровтың адвокаты жәбірленуші мас күйінде келіп, бейәдеп қылықтар көрсетті деп мәлімдеген.

«Сол күні арыз жазатынын Тұраровтың әйелі білген. Әнаруды арыз жазуға итермелеген тағы бір жағдай - боксердың әйелінің қорлаған сөздері. Екеуінің хаттары бар. Мұнда сала алмаймын, тергеуге, сотқа дәлел ретінде өткіземіз. Әуезов аудандық полиция бөліміне келгенде, Әнарудың алдынан екі қыз шығып, “сен ба, Жанқоштың үстінен арыз жазбақшы боп жатқан шалава?” деп, провокация жасап, футболкасын жыртып, видеоға түсіріп алған. Ол екі қызды полиция қызметкерлері қарсы алғанын көргендер де бар. Соған қарағанда, бұл да ұйымдасқан нәрсе деп топшылаймын.. » - деп мәлімдеді қорғаушы.

Ахатова жәбірленушінің бұл ісі мен арыздарының әділ қаралуына сенім білдіріп, қоғамды қолдауға шақырды.

«Қазіргі таңда қоғамның қолдауы өте маңызды. Әнару өз құқығын қорғап, әділдікке ұмтылады», - дейді адвокат.

Серіктес жаңалықтары