Түркістан облысында жазасын өтеушілер мекеме басшысынан қысым көргендерін айтты
ҚАЖД қызметтік тексеру тағайындады

Түркістан облысында түрмеде жазасын өтеушілер азапталып жатыр. Сөздерінше, басшылық қысымына түскен жігіттер шыдамы таусылып өзіне қол салуға кіріскен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Түркістан облысы №55 мекемедегі жазасын өтеуші араша сұрап видео жазған. Мекеме басшылығының қысымына ұшырап, өзіме қол салдым деп тағы төрт ер адам ата-анасына бейнежазба жіберген. Азапталып жатырмын деген өзгесі адвокат арқылы сәлем жолдапты.
«Балам үш апта таксофонға шыққан жоқ. Мекемеге шығып звондаймын. Шыдамым таусылып адвокатты кіргізіп, қолын тілгенін білдім», – деді жазасын өтеушінің анасы Айнұр Бесбаева.
Бейнежазбалар ішінде сотталғандарды қинап жатқан видео да бар. Онда төрт бірдей қызметкердің бір жігітті жұлқылап жатқаны көрінеді. Бұдан әрі шыдамаймыз деген ата-аналар баламызға не тамақ бермейді, не байланысқа шығармайды дейді.
«Менің де бауырым отыр. Осы жерден өлігін алып шықпау үшін мен арызданып отырған жайым бар. Ешқандай тамақ уақытылы берілмейді. Кездесуге кіргізбейді», – деді жазасын өтеушінің туысы Айгерім Қожамжарова.
Өңірлік департамент басшысы азапталды деген қылмыскерлердің бәрі де түрмедегі тәртіпке бағынбағандар дейді. Сөйтіп жазасын өтеушілер тағы да жаза арқалап талабы әлдеқайда қатаң абақтыға жатқызылыпты.
«Бұлардың мақсаты сотталғандардың ішкі тәртіп ережесін әлсірету үшін ұйымдастырылған деп ойлаймын. Туыстарының айтқаны шынайылыққа жатпайды. Мен және прокуратура тарапынан тексерулер жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда видео бойынша екі күн бұрын қызметтік тексеру тағайындалған. Ол деректерді қазір тексереміз», – деді Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының міндетін атқарушы Ермек Жалғасов.
Бұдан бөлек жауаптылар түрмеге ұялы телефонның қалай кіргенін анықтауға кірісіп жатырмыз дейді. Сөйтіп, бақылау жасамаған қызметкерлердің өзін жауапқа тартпақшы.
Айта кетейік, жыл басынан бері Түркістан облысындағы түзеу мекемелерінде суицид жасаудың 19 дерегі тіркелген екен.