1 қыркүйекке қарай Қосшыда жаңа мектеп ашылады

Azattyq Rýhy

Ақмола облысы бойынша биыл 13 мыңға жуық оқушы бірінші сыныпқа барады

1 қыркүйекке қарай Қосшыда жаңа мектеп ашылады
Фото: Ақорда

Биыл Ақмола облысында 5 жаңа мектеп ашылады. Бұл туралы Ақмола облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жаңа оқу жылында облыстағы 528 мектепке 140 мыңнан астам оқушы келеді, оның 13 мыңға жуығы бірінші сынып оқушылары.

Орын тапшылығын азайту және абаттандыру мақсатында 2940 орындық және 12200 орындық 9 мектеп, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 6 жайлы мектеп салынып жатыр.

Құрылыс басқармасының мәліметі бойынша биыл облыста 1740 орындық 5 мектептің, атап айтқанда Целиноград ауданы Жаңа жол ауылында 80 орындық, Қосшы қаласында 1200 орындық, Бестобе ауылында 300 орындық құрылысын аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар спикер 1 қыркүйекке дейін Қосшы қаласындағы 1200 орындық мектеп аяқталып, пайдалануға берілетінін атап өтті.

Валерий Гамазовтың айтуынша, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында  1 қыркүйекте Целиноград ауданында 4800 орындық 4 мектепті (әрқайсысы жобалық қуаты 1200 орын) пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Ата-аналардан, оның ішінде басқа мектептерден ауысып келгісі келетін оқушылардың ата-аналарынан өтініштер қабылданып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, 4 мектепке 4 410 оқушы қабылданады, қазірдің өзінде 4 мыңға жуық заңды өкілдің өтініші қабылданған.
Айта кетсек, осыдан 3 жыл бұрын Қосшы мектептеріндегі орын тапшылығы мәселесі өте өзекті еді. Сол кезде Лесная поляна тұрғын алабындағы мектептегі бірінші сыныпқа барған оқушылар сыймай жатты. Алғаш мектепке барған оқушылар тіпті «Ы» деген сыныпта оқыған. Сол кездегі білім министрі Асхат Аймағамбетов Лесная полянадағы мектепке өзі келіп,  жағдайды көзімен көрді. 5 мың бала бір мектепте 3 ауысыммен оқыды. Осы аталған мәселелерді шешу үшін жедел әрі тиісті шаралар қолға алынды. 2022 жылы Қосшыда IT мектеп пайдалануға берілді. 3 жылдың ішінде 3900 орынға арналған 3 мектеп ашылды. Қазір қаладағы мектептегі орын тапшылығы мәселесі толық шешілген. Алдағы уақытта Қосшыда тағы екі мектеп, Тайтөбе ауылында бір мектеп салынып, тұрғындар игілігіне ұсынылмақ. Соның бірі осы қыркүйекке қарай ашылатын Абай көшесіндегі 1200 орындық мектеп.

Сонымен қатар Қосшыда былтыр ғана ашылған 1500 орындық мектеп-гимназияда барлық заманауи техникалық мүмкіндіктер жасалған. Бұл өскелең ұрпақтың жан-жақты білімді болып өсуіне  жаңа мүмкіндіктер ашады. Өткен аптада ғана ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аталған мектеп-гимназияға келді. Мемлекет басшысы роботты техника, мобилография, автомобиль жүргізуді виртуалды үйрену, шет тілі кабинеттерін, мектеп кітапханасын аралап көріп, ұстаздармен және оқушылармен әңгімелесті.

«Қазақстанның озық мемлекетке айналғанын қаласақ, осындай роботты техника сияқты бағыттарды үйрену керек. Бұл – өте қажет. Балаларымыз әрқашан білімді болсын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент мектеп ұжымына сәттілік тілеп, мектепке өзінің «Әке туралы ой-толғау» кітабын және Қазақстанда шығарылған автобус сыйға тартты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.