Англияның қара нарығындағы қазақтар тұрақсыз, өзбектер табанды - жеке кәсіпкер Асқар Сағитжан

Azattyq Rýhy

Оның айтуынша, өзбек азаматтар ең бірінші орналасқан жұмысын соңына дейін аяқтайды 

Англияның қара нарығындағы қазақтар тұрақсыз, өзбектер табанды - жеке кәсіпкер Асқар Сағитжан
Фото: Асқар Сағитжанның жеке мұрағатынан

Қазақстандықтарды Еуропадағы маусымдық жұмысқа орналастырып жүрген Асқар Сағитжан Azattyq Rýhy авторына ол елдегі жалақы, өмір сүру сапасы және қара жұмысшылардың бәсекесі туралы айтып берді.

- Соңғы жылдары қазақстандықтардың ішінде Ұлыбританияға жалдамалы жұмысшы болып баруға ниет білдіріп жатқандардың үлесі артып келеді. Өзіңіз жұмыс істейтін туристік компанияда осы тенденция байқалады ма?

- Біздің компания студенттік және туристік виза рәсімдеумен айналысады. Бұған қоса, Ұлыбритания елінің аграрлық саласында жұмысқа баруға да көмектесеміз. Менің байқағаным, 2021-2022 жылдармен салыстырғанда 2023-2024 жылдары Еуропаға, Британияға жалдамалы жұмысшы болып баруға ниетті жандардың қарасы қалыңдаған. Мен 2022 жылы сол жақта жұмыс істедім. Ұлыбританияда фермаға жұмыс істеуге баратындарға 6 айға дейінгі уақытқа виза беріледі. Одан кейін 2, 5, 10 жылға дейінгі виза түрлері бар. Оны алу оңай шаруа емес, сенімге кіру керек және қалтаңда қаражатың болу керек, құжаттар дұрыс болуы міндетті. Негізі виза түрлері көп кой. Алты айлық виза түрі ең оңай әлі ресми жұмыс істеуге рұқсат беретін құжат. Бірақ студенттің визасын рәсімдеп, қара жұмыс істейтіндер де бар. Оларға белгілі бір уақытқа ғана жұмыс істеуге болады. Қазір бізде АҚШ пен Корея еліне қара жұмысқа барып жатқандырдың көбі бастапқыда студенттік виза рәсімдегендер. Кейін сол елдің аумағына өткеннен кейін оқуға барудан бас тартады. Сөйтіп қара жұмыс істеуді жалғастыра береді. Ешкім ешкімді қолынан сүйреп жүрмейді ғой. Өзге елге барып жұмыс істеген кезде әр адам өз басын өзі алып жүре алатындай жағдайда болуы керек. Жұмыс берушілер студенттік визамен келіп, толық уақыт жұмыс істеуге ниетті шетелдіктерді қабылдайтын және қабылдамайтын да жағдайлар кездесіп жатады. Десе де, қызмет көрсету саласы болсын, қара жұмыс болсын ең төменгі жалақыға жұмыс істейтіндердің дені шетел азаматтары. Ал ағылшындақтар мен еуропалықтар бұл салаларда төмен айлыққа жұмыс істегісі келмейді. Олар бұл сомадан екі есе жоғары айлық табады. Біз сияқты елдерден барғандар үшін минималды айлықтың өзі жақсы жалақы саналады. Мысалы, Ұлыбританияда сағатына 6 мың теңге төлейді. Айына 1 млн теңгенің үстінде табыс табуға болды. Мысалы, біздің елде қазақтар құрылыс үшін 400 мың теңге сұраса, өзбектер 250 мың теңгені қанағат тұтады. Дәл сол сияқты жағдай.

- Ұлыбритания мен Еуропада жалақы мөлшері көп болғанымен, өмір сүру деңгейі де жоғары. Пәтер жалдау құны, коммуналдық төлем, жол ақысы бізге қарағанда 2-3 есе қымбат. Шығынның көп болуы тапқан табысынан қаражат жинауға мүмкіндік бере ме?

- Шетелге жұмыс істеуге барғандардың тұру шығындарын өздері айлығынан төлейді. Мысалы, қалада өзге адамдармен бірлесіп пәтер жалдап тұратын болса, айына 200-250 мың теңге төлейді. Шамамен 100 -150 мың теңгеге тамақ ішетін болса, 800-900 мың теңге қалтасында қалады. Бұндай соманы Қазақстанда таба алмайтыны түсінікті ғой. Бұған қоса, Британиядағы өмір сапасы біздікінен әлдеқайда жоғары. Азық-түлік бағасы бізбен бірдей. Тек ет бағасы қымбат болуы мүмкін. Бізде дүкенге кірсең бір заттың бағасы 500 теңге болса, екінші бір заттың құны 4 мың теңге болады ғой. Ал оларда 1,2 арты кетсе 4 фунт стерлинг болады. Ауасы әлдеқайда таза. Жұмыс істеуге барлық жағдай жасалған. Біздің елден жұмыс істеуге барғандардың көбі қайтқысы келмейді.

- Ұлыбританияға бармас бұрын виза рәсімдеу, медициналық сақтандыру және жол шығынына қанша қаражат қажет болады?

- Бастапқыда пәтер жалдап тұруға, жол шығынына, тамағыңа 350-400 мың теңге қажет болады. Медициналық  сақтандыруға айына 15 мың теңге. Оны бірден төлемесе де болды. Жұмыс беруші жұмыскердің жалақысынан ай сайын қажетті төлемдерді өзі аударып отырады.

- Еуропаға қара жұмыс істеуге асығатын Орталық Азиядан баратын халық саны көп қой. Оның ішінде қазақтардың жұмысқа тұру мүмкіндігін қалай бағалайсыз? Құжат тапсыру кезінде көбіне кімдерді қабылдамайды?

- Шынымды айтсам, ұқыптылығы жағынан өзбектер жақсы жұмыс істейді. Сондықтан олар бізге қарағанда өтімдірек. Неге десеңіз, Англияға барған қазақтар жиі жұмыс ауыстырады. Өзбек ағайындар барған жерінде соңына дейін еңбек етіп кетеді. Өкінішке қарай, біздің елден барған адамдар көп нәрсені жақтыра бермейді. Негізі көбі қара жұмысқа дайын емес. Британияға табан тіреп, жұмысқа орналасып тұрып, көп ұзамай елге қайтып кеткендер де кездесті. Бас жарылайтындай қиын жұмыс жоқ, істеуге болады. Тек төзім мен шыдамдылық керек. Жұмыс істеу үшін барғаннан кейін соңына дейін жеткізу керек. Мысалы, фермада құлпынай теруге таңы сағат 07:00-де шығады. Сосын сағат 10:00-ге дейін 3 сағат жұмыс істейді. Одан кейін 30 минут үзіліс жасайды. Бұл уақытта тамақтанып алуға болады. Ал осы жарты сағат уақытта жиналған құлпынайды қабылдап алып өлшейді. Сөйтіп барлық жұмысшылардың жинаған өнімі қаншалықты нормаға сай екенін анықтайды. Кім аз жинап жатыр, кім көп терді көрініп қалады. Егер аз өнім жинаған адам болса, оны сол жерде үйіне қайтарады. Өйткені, британдықтар норманы орындай алмай жатқан адамдарға артық сағат жұмыс беріп, ақша төлегісі келмейді. Сондықтан әр адам өзі үшін тырысуы керек. Жалпы алғанда нормаға ілесіп отырғандар тәулігіне 8-9 сағат жұмыс істейді. Егер бекітілген норманы асырып жұмыс істесе, бонус беріледі.

- Қазақстаннан барған азаматтар аса құлық танытпайтын жұмыстар қандай?

- Қандай жақсы жұмыс ұсынсаң да, жалқау адамға ешнәрсе жақпайды ғой. Бәрі адамның өз қарым-қабілетіне байланысты. Кейде бізді (туристік агенттік) алдап кететіндер де бар. Баратын елге барып, алатын визасын алып алған соң, түрлі сылтау айтып, жұмыстан шығып кетеді. Сосын басқа жұмыс тауып, сонда ауысады. Біз сияқты компаниялар жұмыс тауып бергені үшін қаражат алады. Мысалы, 500-600 доллар. Бұл соманы бірден төлейтін жағдайы жоқ. Сондықтан бөліп төлейді. Осындай жағдайда адамдар бірінші айлық алғаннан кейін біздің қызметіміз үшін сұраған ақшаны бергісі келмей қалады. Біздің қызметімізге, жұмыс тауып беру, виза рәсімдеу және тұратын орынын тауып беру, мүмкін болған жағдайда күтіп алу кіреді. Мүмкіндігінше, сол жақтағы қазақтардың қасына орналастыруға тырысамыз. Сол кезде бір-бірінен басқа жұмыстар туралы естіп-біледі. Сосын агенттіктің көмегінсіз жұмыс табуға болды екен деген ой туады. Сөйтіп, басқа жұмысқа ауысады. Ақыр аяғында біздің де еңбегімізді бермей кетеді.

Айта кетерлігі, негізгі жұмыс беретіндердің өзі шетелдіктерді жұмысқа қабылдамайды. Біз сияқты сол елде тіркелген заңды түрде жұмыс істейтін агенттіктер қабылдайды. Жалақыны да сол агенттіктер береді.

-Басқа жұмысқа ауысқандар әуел баста 6 айлық виза аштырды ғой. Оның уақыты біткен кезде қайтеді?

-Иа, егер фермаға жұмысқа баратын болса, виза 6 айға беріледі. Осы уақыттан кейін елге қайтады. Біз көбіне туристік және студенттік визамен жібереміз. Бұл виза түрлерін ауыстыруға немесе өзгертуге болады. Бұл үшін сол жақтағы заңгерлердің көмегіне жүгінуге болады. Олардың қызметі аз тұрмайтынын да айта кеткен жөн шығар. Көбі фермаға берілетін 6 айлық визамен барып, онда жұмыс істеймей Лондонға келеді. Көбі қызмет көрсету саласында оның ішінде өзімізге жақын халал түріктер мен арабтардың ресторанында аспазшы болып жұмысқа орналасады. Жоғарыда айтқанымдай, фермадағы жұмыс үшін берілетін визаны созуға және өзге виза түріне ауыстыруға болмайды. Яғни, заңсыз жұмыс істейді деген сөз.

-Англия мен Еуропа елдеріндегі жұмыс берушілердің айырмашылығы қандай?

Біздің агенттік Польша, Германия, Чехия елдеріне жұмысқа жібереді. Онда қоймалардағы жинау, сұрыптау жұмыстары сұранысқа ие. Сонымен қатар, мұздатылған азық-түлік тауарларын бөлу, реттеу жұмыстары ұсынылады. Зауыттарда тоңазытқышта, жиһаз шығаратын орындарда және көше тазалаушы ретінде бос жұмыс орындары бар. Егер автобус айдауға арналған жүргізуші куәлігі болса, жүргізуші ретінде орналасуға болады. Ал Чехияда автокөліктердің бөлшегін шығаратын зауыт бар. Бірақ қазақстандықтар көп жағдайда Англияға барғанды жөн санайды. Өйткені, басқа елдермен салыстырғанда жалақысы жоғары. Мысалы, Польшада айлық қолға 350-400 мың шамасында. Чехияда қолға алатын сома – 500 мың болса, Германияда – 1 млн теңге.

-Ангияға қара жұмыс істеуге барып, сол жақта қалып қалатындар бар ма?

-Бар. Олар заңсыз жұмыс істейді немесе босқын ретінде өтініш береді. Босқын ретіндегі статус сол елдің азаматтарымен бірей өмір сүруге мүмкіндік береді. Босын ретіндегі өтініші қаралап жатқан кезде оларға ID береді. Менің көріп жүрген практикамда ID қарау мерзімі кемі 1 жыл. Өтініш қарау мерзімі 1-3 жыл аралығында. Осы уақыт ішінде олар Ангияда қалып жұмыс істеп, ақша жинап елге оралады. Бірақ әр 2-3 ай сайын құзырлы органға барып, сұхбаттан өтуге міндетті. Олардан босқын ретіндегі айғақтар сұралады.

-Бізден Бриятанияға жұмысқа барғандардың қанша пайызы ағылшын тілін біледі?

Қазақстандық азаматтардың 85 пайызы тіл қолдануды қажет етпейтін қара жұмысты таңдайды. Жұмыс ұсынылған кезде ағылшын тілі талап етілетін және етілмейтін орындар бар. Мысалы, официант болу үшін тіл білу міндетті, ал қонақ үй тазалаушысы болу үшін тіл білу қажет емес. Тіл білетіндерге жұмыс ұсынар кезде нұсқа көп. Сосын оларға қолайлы жағдай жасалған.

-Сіздер оқу визасын алуға көмектесесіздер ме?

Тілдік курстарға да оқу визасы беріледі. Біз шақырту алып береміз. Ангияға барғаннан кейін оқудан бас тартып, жұмыс істеуге болады. Негізі барғарламасына байланысты. Бірақ кейбір  тіл курсының 1 айдағы ақшасы 150 мың теңгедей болады. Тіл курсын оқып жүріп, жұмыс істейтіндер де бар. Бірақ оған отбасымен бара алмайсың. Өйткені, былтырдан бастап dependant visa түрін алып тастаған болатын.

-Визаға құжат тапсырып, бірақ консул виза беруден бас тартқан жағдайда кеткен шығындарды кім төлейді?

-Ешбір агенттік виза алуға 100 пайыз кепілдік бермейді. Визаны беру я болмаса бермеуді консул ғана шешеді. Сол үшін алдын ала визаға кеткен шығындар қайтарылмайтынын ескертіп айтамыз. Бұл жерде біздің де еңбегіміз бар. Қонақ үйге, ұшаққа билет алуға брон қоямыз. Анкета жасаймыз, туристік бағдар жасалады. Консул тек құжат қарау үшін қаражат алатыны түсінікті. Егер виза берілмейтін болса, оған кеткен қаражат қайтпайды. Бұл ақпараттық барлығын алдын ала айтамыз. Оған келіседі. Ең қызығы, виза берілмейтінін білген кезде адамдар шу шығарады. Ақшаларын қайтаруды талап етеді. Біз ұйым өткізген құжаттардың ішінде 40 пайызына виза берілмеді. Жоғарыда атап өткенімдей, виза алуға бірнеше факторлар әсер етеді. Отбасымен баратындарға виза алу тіптен қиынға соғады. Баламен барған соң, шығын көп кетеді. Ал жұмыс істеу үшін баратын болса, жақсы көңіл-күймен, шыдамдылық танытып аяғына дейін жеткізу керек.

-Сұхбатыңызға рақмет!

Жанат Ерболған

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.