«Қазақша акцентіңіз бар екен»: Астанадағы құрылыс компаниясы маманның тіліне назар аударған
Құрылыс компаниясы оны бизнес ассистент қызметіне шақырған

Әлеуметтік желіде «кәсіпкер күнделігі» деген парақша жүргізетін блогер Астанадағы құрылыс компаниясының бірі оның қазақша акцентіне назар аударғанын айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Блогердің айтуынша, оны құрылыс компаниясының өзі жұмысқа шақырған. Алайда, әңгімелесу барысында олар маманның кәсіби біліктілігіне емес, қазақ тіліндегі акцентіне назар аударған.
«Бір құрылыс компаниясы бизнес ассистент қызметіне жұмысқа шақырған. Келдім. Кеңселері өте әдемі, Centro бизнес орталығында екен. Жұмыс берушімен сұхбаттасып жатқанда, олар маған «у вас какой-то акцент казахский…» деді. Мен «бәлкім тек қазақ тілінде сөйлегендіктен шығар» дедім. Олар «мүмкін» дейді. Өмірімде бірінші рет сондай нәрсе естідім. Білмеймін, «ешқандай акцент болмау керек» деген қағида қалыптасқан сияқты. Орыс тілі де, ағылшын тілі де шет тілі ғой. Менің ойымша, акцент қалыпты нәрсе», - дейді видео авторы.
Ол құрылыс компаниясының атын атамаған. Оның видеосын 84 мыңнан астам адам көріп, жүздеген пікір жазған.
Айта кетейік, 2gis қосымшасындағы мәліметке сүйенсек, блогер атап тұрған бизнес орталықта 33 компания жұмыс істейді.