Вице-министр Ержан Нұрлыбаев пен дәрігерлердің қателігінен көз жұмған азаматты не байланыстырады
Шенеуніктің өзі басқаратын ауруханада дәрігерлердің салғырттығынан адам өліп жатқанына қарамастан оның қызметі көтерілген
Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасын басқарып тұрған кезде дәрігерлердің салғырттығынан қаза тапқан азаматтың туыстары әділдік іздеп жүр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Патриот телеграм арнасының жазуынша, былтыр Қарағанды облысының қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкері Төрежан Мақашев параректальді жыланкөзін (геморрой) отамен алдыру үшін облыстық клиникалық ауруханаға барған. 9 қарашада дәрігерлер оған ЦЕФ-3 препаратын еккен. Одан кейін пациент қызарып, дем жетпей, құса бастайды. Ер адам реанимацияға түсіп, көп өтпей көз жұмған.
Төрежан Мақашевтың туыстары оның ЦЕФ-3 дәрісіне қатты аллергиясы барын дәрігерлерге ескерткенін айтады. Операцияға кірмей тұрып өлім құшқан азаматтың жақындары 9 ай бойы дәрігерлердің кінәсін дәлелдей алмай жүр. Сөздерінше, аурухана қызметкерлері тіпті күдіктілер қатарына алынбаған. Істі алған тергеушілер бірінен соң бірі ауысқан. Қазір қылмыстық іс Қарағанды облысы полиция департаментінің тергеу басқармасында жатыр.
«Істі түлкі бұлаңға салып отыр. Мүмкін уақыт өткізіп, дәрігерлердің абырайын қалпына келтірмек шығар. Менің бауырым оларға ЦЕФ-3 препаратына аллергиясы барын анықтап тұрып, бірнеше рет айтқан. Оған тіпті дәріге аллергиясы бар науқастарға тағатын көк түсті білезікті де тағып қойған. Медбике неліктен ол дәріні салды? Дәрігер науқастың аллергиясы барын біле тұра инъекцияны егуге неге рұхсат берді? Ол кезде ауруханының директоры Ержан Нұрлыбаев болған. Қазір ол денсаулық сақтау вице-министрі болып отыр. Төрежанның балалары «Әкеміз қашан келеді?» деп сұрайды. Не деймін оларға?», - деді марқұмның Арман атты туысы.
Медбикелер Төрежанның препаратқа аллергиясы бар-жоғын тексеру үшін алдын-ала сынап көргенін айтқан. Бірақ марқұмның туастары олардың жалған сөйлеп отырғанына сенімді. Себебі, егер дәрігерлер дәріні сынап көрсе, тұрақты аллергиясы бар Төрежанның организмі міндетті түрде белгі берер еді және ол үнемі байланыста болған әйеліне хабарлап айтар еді. Дәрігерлер «марқұм аллергиясы барын ауызша айтпай, жазбаша құжат түрінде әкелуі керек еді» деп ақталған.
«Ендеше дәрігерлер операцияға дейін марқұмнан сол құжатты неге сұрамаған? Оған таңдау бермеді», - дейді Төрежанның туыстары.