«Астанада есірткі арнасын жолға қоймақ болған»: 3 шетелдік 20 жылдан көп мерзімге сотталды
Олар былтыр қолға түскен
2023 жылдың тамызында ұсталған синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырушыларға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сотталған 3 адам – шетел азаматы.
2023 жылдың тамызында есірткі зертханасы әшкереленіп, заңсыз айналымнан 40 кг «синтетика» алынып тасталды. Күдіктілер Қазақстанға есірткі өндірісін ұйымдастыру үшін келген. Сонымен қатар Астанада есірткі өткізу арнасын жолға қоймақ болған.
«Алдымен елге қылмыстық бизнесті ұйымдастырушы келді. Ол елордада пәтерді жалға алып, есірткі зертханасын іске қосуға дайындалған. Арнайы мақсатта Ақмола облысы Ерейментау қаласының шетінде үй алынған. Қазақстанға шетелден келетін сыбайластары үшін автокөлік те сатып алған. Ұйымдастырушы барлық қажетті жабдықтар мен прекурсорларға есірткі өндірісіне машықтанған сайттар арқылы тапсырыс берген. Олар контрабандалық жолмен жеткізілген. Дәл осы кезеңде қаскөйлер полицияның назарына ілікті», - деп хабарлады ІІМ.
Сот ұсталғандарды ҚР ҚК-нің 264-бабының 1-бөлігі (Трансұлттық ұйымдасқан топ құру және оған басшылық ету), 28-бабының 3-бөлігі, 297-бабының 4-бөлігі (Есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз дайындауға, қайта өңдеуге, сақтауға, тасымалдауға қатысу) бойынша кінәлі деп таныды.
«Ұйымдастырушыға 23 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Оның сыбайластары 21 және 22 жылға бас бостандығынан айырылды», - делінген сот үкімінде.
Айта кетерлігі, биыл 38 есірткі зертханасы жойылды, оның ішінде 24-і синтетикалық есірткі өндірісі бойынша істеген. 183 келіден астам «синтетикалық» есірткі, жарты тоннадан астам прекурсор тәркіленді. Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету фактілері бойынша 11 қылмыстық іс қозғалды.