«Отбасыңмен қосып бауыздап кетеміз» - атауы дау туғызған кітаптың авторына қоқан-лоқы көрсеткен

Темірхан Айжан

Резонанс тудырған «Қазақтарды қалай басқару керек» кітабының атауы мен мұқабасы ауысады 

«Отбасыңмен қосып бауыздап кетеміз» - атауы дау туғызған кітаптың авторына қоқан-лоқы көрсеткен

Атауы мен мұқабасы көпшіліктің ашуына тиген соң, дүкен сөрелерінен алып тасталған «Қазақтарды қалай басқару керек» кітабының авторы, баспагер Бақытжан Бұқарбай әр түрлі адамнан қорқытып-үркіту хабарламалары келіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Баспагерге «отбасыңмен қосып бауыздап кетеміз» деген ескерту іспеттес сөздер айтылғаннан кейін, оның үйінің айналасын полиция патрулі бақылауға алған.  

«Қазақтарды қалай басқару керек» кітабы 1 айдан астам уақыт бойы сатылымда тұрған, оның атауы мен мұқабасына қатысты резонс Елзат пен Нұрқожа атты блогерлердің эмоционалды видеосынан кейін пайда болған. Бір ай ішінде кітаптың 180-нен астам данасы сатылған. Бақытжан Бұқарбай кітаптың мазмұнын есепке алмай тек сырт келбетіне қарап сынау қате екенін жеткізді.

«Бұл кітапты шығарғандағы ниетім - қазаққа қызмет ету болды. Кітаптың мазмұнына үңілетін болсақ, халыққа берер пайдасы бар. Бізге 300 жыл бойы «өз еріктеріңмен келіп құрамымызға қосылдыңдар» деп айтып келді. Мына жердегі деректерде ондай нарратив жоқ. Біз қорғаныс іздедік. Ресей империясына «сендер жоңғардан қорғасаңдар, біз керуен жолдарыңды қорғап береміз» дедік. Қазақ осыны білмей жүр. 300 жыл бойы қалыптасқан мифтермен өмір сүріп отыр. Мен мұның бәрін намыстан шығарып отырмын. Мен түсінген нәрсені өзге де түсінсін деген ниетім бар. Осы деректерді зерттеген кезде санамда еркіндік пайда болды, менің қандастарым да сол еркіндікті сезінсін деген ниет болды», - дейді баспагер QazaqAiran каналына берген сұхбатында.

Ол кітаптың аты мен мұқабасына қатысты сынды қабылдап, оны өзгертіп қайта шығаратынын айтты.

Айта кетейік, кітап 1734 жылғы мұрағат құжаттарына, Ресей империясының обер-хатшысы Иван Кирилловтың жобасына негізделген. Басылымға Кириллов жобасының мәтіні ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның Ресей бодандығын қабылдағаннан кейін алғашқы жылдардағы отарлауды көрсететін өзге де құнды тарихи құжаттар кірген.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.