Сатыбалды мен Жұмағалидің «жеке дауы»: Қазақфильм аниматорлары неге 7 айдан бері жалақы ала алмай жүр

Темірхан Айжан

Қазақфильм аниматорларға 84 млн теңге қарыз

Сатыбалды мен Жұмағалидің «жеке дауы»: Қазақфильм аниматорлары неге 7 айдан бері жалақы ала алмай жүр
Фото: Фото: kazakhfilmstudios.kz, t.me/Madeniet_zhane_sport_ministrligi

Балаларға арналған дайын мультфильмнің жарыққа шықпай қалуына Қазақфильм президенті Азамат Сатыбалды мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының төрағасы Құрманбек Жұмағалидың арасындағы өзара дау себеп болып отыр ма?

Жыл басында «Алтын адам» атты қазақша анимациялық фильм жарыққа шығады деп сүйіншілеген жаңалықтар бірінен соң бірі шықты. Қазақ аниматорларының жанқиярлық еңбегінің арқасында жоба межесіне жетті, бірақ көрермен назарына ұсынылмады. Оның себебі, «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ пен «Қазақфильм» киностудиясының арасындағы ұзаққа созылған бітіспес дау. Ал даудың басы «екі мекеме басшысының шығармашылық өнімнің тағдырын ойламауынан, өз басының проблемасын күйттеп, өзара қырқысуынан туған» дейді Қазақ анимация шығармашылығының редакторы Ерлан Төлеутай.

Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі дегендей, осы даудың кесірінен Қазақфильмнің 50 шақты аниматоры бір жыл бойы еңбекақысын ала алмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Біздің 4 жылға созылған «Алтын адам» атты анимациялық фильміміз шығармашылық топтың маңдай тері мен темірдей төзімінің арқасында бітті. Оған басшылық тарапынан талай келдергілер де болды. Пандемияға да ілікті. Қош, әйтеуір, межесіне жетті. Дап-дайын мультфильмді Ұлттық киноны қолдау орталығы қабылдамай қойды, өйткені оның Қазақфильм басшылығымен өзара есебі болған. Екі жақ бір-бірін сотқа берді. Қазақфильм басшылығы мен Ұлттық киноны қолдау орталығының басшысы ерегісіп, 84 млн теңгені мемлекетке аударып жіберді. Мұндай бассыздық тарихта болмаған. Ол ақшаны сарыла күтіп отырған қызметкерлердің тағдырын ойламаған. Жобаға жұмыс істеген жастардың басында кредиті бар, пәтерінің ақысы бар. Қазір нанға ақша таба алмай отыр. Мықты суретшілер Алматының Арбатында сурет салуға шығып, аниматорлар таксист болып кетті», - деді Ерлан Төлеутай. 

«Алтын адам» жобасында жұмыс істеген аниматорлар былтыр тамызда соңғы рет жалақы алған. Содан кейінгі жұмыстардың бәрін тегін істеген.

«Біз жалақыны ай сайын емес, жобаның көлеміне қарай 2-3 айда алып отырамыз. Соңғы рет 12 тамызда  еңбекақымызды алдық. «Алтын адам» жобасын аяқтап, тапсырдық. Сол кезде Ұлттық киноны қолдау орталығының Досхан Жолжақсынов бастаған эксперттік тобына ұнады, драматургия, режиссурасына сын айтылмады, тек мардымсыз техникалық ескертулер болды. Наурыз айына дейін соның бәрін түзедік. Фильм барынша сапалы шықсын деп, қолымыздан келгеннің бәрін жасап бақтық. Енді өмірге келгелі тұрған нәрестедей шығармашылық туындымызды тұншықтырып, жарыққа шығармай отыр. Дайын өнімнің жолын байлап отыр. Біздің бір жылғы еңбекақымызды бермеді. Осы уақытқа дейін «әне береді, міне береді» деп шыдадық. Қара шаңырақта  жүргенімізге 15 жылдан асқан, сондықтан шу шығармайық деген едік. Бірақ кеше жұмыс істеп отырған жерімізден қуып шықты. «Басқа дүниемен айналысып жүрсіңдер» деп күдіктеніп, компьютерлерді тінтіп жатыр. Бұрынғы басшылар жағдайымызды түсінетін. Еңбекақымыз кешігетін болса, не болып жатқанын түсіндіретін еді. Қазір олай емес. Қазақфильмнің Ұлттық киноны қолдау орталығынан сотта жеңілгенін, аппеляциялық сотқа бергенін де кеше ғана естідік», - дейді «Алтын адам» жобасының режиссеры Тілек Тілеуғазы.

Ерлан Төлеутай «Алтын адам» жобасындағы жігіттер бір жыл бойы жалақы көрмесе, жалпы қазақ анимациясының қызметкерлері 7 айдан бері екбекақысын алмағанын айтады. Ал қазақ анимациясына мемлекеттен 500 млн теңге бөлінген.

Спикердің айтуынша, әйгілі киностудия басшылары мен кадрларының біліксіздігі осындай келеңсіз жағдайды тудырып отыр.

«Бұрын қызметкерлердің жалақысын кешіктіру мәселесі министрліктің араласуымен, мықты мамандардың араласуымен шешілетін. Қазіргі басшы Азамат Сатыбалды келгелі бұл проблема мүлдем күшейді. Ол өзінің маңайына біліксіз кадрларды жинады. Киноөндірістен хабары жоқ, ұжыммен тіл табыса алмайтын әкімшілдік-әміршілдік жүйемен басқаратын шығармашылық топтарға күн көрсетпейтін адамдарды жұмысқа алды. Өзіне сондай екі орынбасар тағайындап алды. Біреуінің тіпті тиісті дипломы да болмаған. Олар киномамандардың бәрін жау көреді. Басшы деген қоластындағы қызметкерлеріне қамқор болуы керек емес пе?! Бұлар жобалардың жұмысын жүргізбейді. Қазақфильмнің президенті Азамат Сатыбалды өзінен қол қою құзіретін алып тастаған. Бұл не деген заңсыздық?! Қол қою жанындағы вице-президенттің міндетінде, бірақ ол қол қоймайды. Қоластындағы қызметкерлерді қинағаннан лаззат алады. Қазақфильмге өтірікті судай сапыратын, уәдені үйіп-төгетін, бірақ ешқандай жұмыс істемейтін осындай адамдар тобы келді. Бізде санаулы ғана өз ісінің біргір мамандары қалып еді. Оларды жұмыстан босатты, орнына өздерінің «дымбілместерін» алған. Қазір солар өріп жүр, көбі актер. Біз әлі оны зерттейміз. Бәрі тексерілуі керек. Неге ағайыншылдыққа, туысқандыққа, жершілдікке, бұрынғы әріптестікке жол беріледі? Неге оларға тоқтам жоқ? Басшылыққа жақын адамдар жұмысқа алынады да, білікті мамандар шығарылады.

Ұрыста тұрыс жоқ, осы мәселенің ақырына жетеміз. Қазір министр Аида Балаеваның келуін күтіп отырмыз, өзі келіп мәселені шешпесе төтенше әрекеттерге барамыз. Кешегі «НКВД» дәстүрімен жүргізілген тінтулер жауапсыз қалмайды. Қазақстан Киногерлер одағы бұл мәселені назарында ұстайды. Қазіргі басшылықтың оспадарлық әрекеттеріне тосқауыл қойылу керек. Азамат Сатыбалды өзі киноға түсуден босамайды. Қызмет бабында асыра сілтеушіліктер өте көп. Соның бәрі бізді ашындырды. Журналистерге талап-тілегімізді айтуға мәжбүрледі. Бізде осындай сұмдықтар болып жатыр», - деді Ерлан Төлеутай.

Еске салайық, таяуда Алматыдағы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының отызға жуық қызметкері бейбіт шеруге шықты. Олардың еңбекақы алмағанына 7 айдың жүзі болған. Сонымен бірге, «Алтын адам» анимациялық фильмін жасап шыққан аниматорлар 1 жыл бойы тегін жұмыс істеп келген. Басшылық «кенеттен» олардың жұмыс орындарына тексеріс жүргіземіз деген желеумен қызметкерлерді кабинеттерінен күштеп қуып шыққан.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.