«Виртуалды әлемдегі бала қауіпсіздігін қадағалаңыз»: ІІМ ата-аналарға құлаққағыс жасады
Құзырлы орган интернеттегі алаяқтық әрекеттеріне алданбас үшін балаға сақтық шараларын түсіндіру керектігін атап өтті
Қазіргі таңда жасөспірімдер YouTube, TikTok, Instagram секілді әлеуметтік желілерді жиі қолданады. Виртуалды кеңістік қызықты әлем болғанымен, бала үшін көптеген қауіп-қатерге толы. Осыған орай ІІМ ата-аналарға құлаққағыс жасап, баланың қауіпсіздігін қадағалауға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
«Әлеуметтік желіде балаңыздың қандай онлайн платформаларды, парақшаларды көретінін қадағалап, мұқият тексерген жөн. Өйткені, ересектерге арналған жарнамалар, тыйым салынған ақпарат психологияға кері әсерін тигізіп, балаңызға зиян болуы мүмкін. Балаларға арналған неше түрлі қызықты мультимедиялық онлайн-ойындар мен ондағы ақпараттардың балаңыздың жас шамасына сай келетінін міндетті түрде тексергеніңіз жөн. Сонымен қатар, виртуалды желіде ата-ана бақылауын бағдарламалық қамтамасыз етуге болатынын білгеніңіз абзал»,- делінген хабарламада.
Сондай-ақ құзырлы орган интернеттегі алаяқтық әрекеттеріне алданбас үшін балаға сақтық шараларын түсіндіру керектігін атап өтті.Желіде өзі туралы жеке ақпаратты жарияламауға үйрету керектігін айтты.