«Сайқымазақ емеспін!»: Нұрлан Қоянбаев лауазымына қатысты мазаққа жауап берді
Шоумен облыс әкімінің кеңесшісі болып тағайындалды
Күні кеше продюсер және әзілқой Нұрлан Қоянбаев Түркістан облысы әкімінің кеңесшісі болғаны белгілі болды. Бұл жаңалық желіде белсенді талқыланып, кей адамдар шоумен жайлы жағымсыз сөздер айта бастады. Қоянбаев инстаграм парақшасында хейтерлерге жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Нұрлан Қоянбаев туған жері, алған білімі мен тәжірибесі жайлы жазды.
«Облыс әкімдерімен кездесіп, көп ойларыммен бөлісіп жүрмін. Әзірге тек Түркістан облысы ғана креативті идеяларымды қолдады. Ешқандай айлықсыз және бюджеттен тыс.
Байқағаным, кейбір біршама журналистердің мақалаларында «Сайқымазақ», «Клоун» деген сияқты сөздер шығуда. Мен сайқымазақ емеспін, мен Қазақпын! Ешкімге керек емес, ешкім мән бермейтін әзіл саласында 25 жыл еңбек етіп, 5 мың теңгелік айлықтан, 100 миллион долларлық индустрияны қалыптастырған креативті продюсерлерінің бірімін!
Мысалы, Қазақстан Республикасының ақпарат министрінің вице-министрі - Кочетов Евгений деген азамат тағайындалғанда ешкім шулап, резонанс тудырмады. Мен де Кочетов Евгений сияқты еліме қызмет жасағым келеді. Неге мен өз елімде, тіпті, айлығы жоқ қызметке тұрғанда, ақталып, пост жазуым керек?!
Негізі, негатив жазатындар көп емес. Айтқым келгені, елімізді дамытамыз десек, позитивті, текті қазақтардың белсенділігі қажет. Әр жерде, әр салада, тіпті, коммент жазуда да ұтылмайық», - деп жазды ол.