Бүкіл қала жиналды: Қырғызстанда опат болған қазақ балалары Өскеменде жерленді

Azattyq Rýhy

Олар 8-11 жас аралығындағы балалар 

Өскеменде Қырғызстандағы жойқын сел апатынан қаза тапқан төрт баланы жерлеу рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Astana.TV-ға сілтеме жасап.

Табиғи апат болған соң, балаларды құтқарушылар бір күннен артық іздеді.

«Соңына дейін сенбедім, кеше Алматыдан туыстарым қоңырау шалып, естіртті. Әлі де сене алар емеспін», - дейді қайтыс болған балалардың ағасы Талғат Мұхаметқалиев.

Опат болған ұл мен үш қыз небары 8-11 жас аралығындағы балалар. Олардың денелері Қазақстанға Қорғаныс министрлігінің ұшағымен жеткізілді.

«Мешіттің жанына бүкіл қала жиналды. Біздің қаламыздың, еліміздің әрбір тұрғыны үшін өте үлкен қайғылы жағдай бұл, орны толмас қаза», - деді Өскемен қаласының тұрғыны Зоя Новолодская. 

Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, екі отбасының балалары №44 және 47 мектептерде оқыған. Олармен тек туыстары ғана емес, мұғалімдер де қоштасуға келді.

«Бұл орны толмас қайғы. Біз ата-аналармен байланыста боламыз және оларға қажет барлық көмекті көрсетеміз. Бұл қайғылы оқиға барлық ата-аналарды біріктірді, өйткені бұл біздің балаларымыз, ал бөтен бала болмайды», - деді Өскемен қаласы білім бөлімінің басшысы Сәуле Алагузова. 

Балаларды жерлеуді ұйымдастыруды әкімдік өз мойнына алды. Қаза тапқандардың отбасыларына қолдау көрсетілді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.