Қызылжар ауданында су тасқынынан зардап шеккен 60 адамға жаңа баспана беріледі

Azattyq Rýhy

Өңірге іс-сапармен келген мәжіліс депутаты Дмитрий Колода осы бағыттағы жұмыс барысымен танысты 

Қызылжар ауданында су тасқынынан зардап шеккен 60 адамға жаңа баспана беріледі
Фото: партияның баспасөз қызметі

Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданында су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға үй беру, сонымен қатар,  суға батқан, жоғалған мал үшін өтемақы төлеу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Партияның мәліметіне сүйенсек, бүгінде ауданда қираған баспананың орнына 60 үй алынған.

«Өңірге іс-сапармен келген Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода су тасқыны салдарын жою жұмыстарымен танысты. Мәжілісмен жұмыс сапарының бірінші күні Ольшанка, Вишневка, Соколовка және Вагулино ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Қазір ауданның кейбір зардап шеккен тұрғындарына дайын үй берілсе, қалғандары баспанасын қалпына келтіруге материалдық көмек алды. Жалпы, Қызылжар ауданында 1546 үй зардап шекті», - деп хабарлайды баспасөз қызметі.  

Дмитрий Колоданың айтуынша, ауданда сатып алынатын тұрғын үйдің 1 шаршы метр 90 мың теңдеген басталады.

«Су тасқыны кезінде құрылған комиссия Үкіметтің қаулысымен бекітілген Заң бойынша жұмыс атқарып жатыр. Қызылжар ауданында сатып алынатын тұрғын үйдің 1 шаршы метрі 90 мың теңгеден басталып 283 мың теңгеге дейін жетеді. Мамандар үйді баспананың орналасқан жері негізінде бағалайды. Осы орайда суға кеткен үйдің ауданы мен отбасы мүшелері міндетті түрде ескеріледі», - деп атап өтті Дмитрий Колода.

Бұдан басқа, Қызылжар ауданында суға батқан, жоғалған мал үшін өтемақы 2,4 млн теңге мөлшерінде төленіп, 100%-ға орындалды. Жалпы су тасқыны кезінде аталған ауданда 27 бас мал қырылған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.