«Аптап ыстықта ауыз суға зар болдық»: Алматы облысында елдімекен тұрғындары бір айдан бері сусыз отыр

Azattyq Rýhy

Жауаптылар мәселенің туындауына апатты жағдай себеп дейді

«Аптап ыстықта ауыз суға зар болдық»: Алматы облысында елдімекен тұрғындары бір айдан бері сусыз отыр
Фото: depositphotos.com

Алматы облысында бүтіндей бір елдімекен 1 айдан бері тіршілік нәрінсіз отыр. Айтуларынша, мұндай мәселе бірінші рет туындап отырған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

«Бізде 1 айдан бері су жоқ. Мынандай ыстықта аптасына 1 рет бала-шағамызды жуындырамыз. Суды басқа жақтан тасып, үнемдеп қолданып отырмыз», - дейді Іргелі ауылының тұрғыны Айнұр Шохинова.

Үш баланың анасы Айнұр Шохинованың Іргеліде тұрып жатқанына 11 жыл. Айтуынша, соңғы уақытта ауыз су мәселесі қиындап кетті. Құдықтан таза суға қол жеткізу мүмкін емес деген жұртшылық ауылда жарықтың да жиі өшетінін айтады.

«Бір айдан бері су мүлде жоқ. Менің ойымша су тапшылығы қолдан жасалып отыр. Ауылдарда су жоқ болғандықтан көршілерім 20 метр тереңдіктен ұңғыма қазып, жер асты суларын пайдаланып отыр», - дейді Іргелі ауылының тұрғыны Жанбота Бауыржан.

Көкейтесті сауалдарын алға тартқан ауыл тұрғындары бүгін тағы мәдениет үйіне жиналды. Олар мұнда балабақша, мектеп, аурухана мен жекеменшік мекемелерді де сумен қамтамасыз ету керектігін айтады. Жұртшылықпен кездескен жауаптылар мәселенің туындауына апатты жағдай себеп дейді.

«Апатты жағдай болғандықтан, біз Іргелідегі ұңғымаларды Асыл Арманға қосымша ретінде беріп тұрдық. Арнайы кесте құрдық. Қазіргі таңда барлық жөндеу жұмыстары бітті», - дейді Мердігер компанияның директоры Дәуіржан Сереханов.

Дегенмен, 3 ауылға су жабдықтайтын 5 мекеме жауапты. Бөлек жеке ұңғымалары бар жеке кәсіпкерлер де бұл іске араласады. Шағымын айтып жиналған тұрғындар тіршілік нәрімен қамтуға өз ісіне жауапты мекемелер тартылса деген талап-тілегін жеткізді.

«Аудандық тұрығын-үй шаруашылық бөлімі бар. Сол кісілер шара қолданады. Егер қайталанатын болса, келісімшарттарын бұзады», - деді Іргелі ауылдық округінің әкімі Арман Қамалбек.

Жауаптылардың мәселені тезірек түзетеміз деген кезекті уәдесіне тұрғындардың сенуден басқа амалы жоқ.  Билік өкілдерінің айтуынша, жақын арада жаңа су құбырын салу мәселесі де қарастырылатын болады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.