Бұрынғы уақыт белдеуін қайтару туралы петицияны қарайтын жұмыс тобының екінші отырысы өтпей қалды

Отырыс петиция авторының өтінішімен кейінге шегерілген

Бұрынғы уақыт белдеуін қайтару туралы петицияны қарайтын жұмыс тобының екінші отырысы өтпей қалды
Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Биыл 28 маусымға жоспарланған уақыт белдеуіне қатысты петицияны қарау жөніндегі жұмыс тобының екінші отырысы петиция авторының өтінішімен кейінге қалдырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Отырыстың өтетін күні мен уақыты туралы хабарлама петиция авторына осы жылғы 25 маусымда, белгіленген күннен үш жұмыс күні бұрын электрондық пошта арқылы және WhatsApp мессенджері арқылы жіберілді. 26 маусымда өтініш иелері жұмыс тобының отырысын кейінге қалдыру туралы хат жіберді. Осыған байланысты 28 маусымға жоспарланған отырыс кейінге қалдырылды», - деп түсіндірді министрліктегілер.

Келесі отырыстың күні кейінірек хабарланады.

Айта кетері, жұмыс тобының бірінші отырысы 21 маусымда өткен болатын. Петицияның бастамашы топ өкілдерінің пікірлері тыңдалды.

Бірінші отырыстың толық видеосын Сауда және интеграция министрлігінің YouTube арнасынан көруге болады. Барлық кейінгі отырыстың бейнежазбалары да осы арнада жарияланады.

Естеріңізге сала кетейік, epetition.kz сайтында «Бұрынғы уақытты қайтару» деген атаумен петиция жарияланып, оған 50 мың адам қол қойды. Осылайша петиция тиісті мемлекеттік органның қарауына жолданды.

Қазақстан биыл 1 наурызда бірыңғай уақыт белдеуіне ауысты. Он бес өңір жергілікті уақытты 1 сағатқа артқа шегерген еді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.