ҰҚК 17 миллиардтың есірткі өнімдерін тәркіледі
54 азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды

Ұлттық қауіпсіздік комитеті жыл басынан бері есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл бойынша 96 операция жүргізді, оның ішінде 23-і шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен бірге іске асты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қорытындысы бойынша, 24 халықаралық және 17 өңірлік есірткі жеткізу арналары, сондай-ақ 16 жасырын есірткі зертханасының қызметі жойылды. Заңсыз айналымнан 1,3 тоннадан астам есірткі құралдары мен психотроптық заттар, 4,6 тонна көкнәр сабанының шикізаты және синтетикалық есірткі дайындау үшін пайдаланылатын 13,6 тонна химиялық реагенттер тәркіленді.
«Қара нарықта» алынған есірткінің құны шамамен 17 миллиард теңгеге бағаланды. Осы фактілер бойынша Қазақстанның 54 азаматы мен шетелдіктерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деді ҰҚК.
Сонымен қатар, ҰҚК Шекара қызметі халықаралық қатынас жолдарында есірткі құралдарын тасымалдауға 200-ден астам әрекеттің жолын кесті. Заңсыз айналымнан 790 килограмнан астам есірткі және психотроптық заттар алынды.