АҚШ-тың құпия деректерін жариялады деп айыпталған Джулиан Ассанж кепілмен босатылды

Темірхан Айжан

Ассанж 1901 күн түрмеде отырған

АҚШ-тың құпия деректерін жариялады деп айыпталған Джулиан Ассанж кепілмен босатылды
Фото: BBC

Лондонның Жоғарғы соты WikiLeaks порталының негізін қалаушы Джулиан Ассанжды кепілмен босатты. Ол 24 маусым күні таңертең Белмарш қатаң режимді түрмесінен шығып, Ұлыбританиядан ұшып кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy DW – ға сілтеме жасап.

АҚШ WikiLeaks-тің негізін қалаушыға 18 айып тақты. Оның ішінде құпия ақпаратты ұрлау, компьютерлік желілерді бұзу үшін сөз байласып, тыңшылық жасау айыптары бар. Үкім шығарылған жағдайда ол 175 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Вашингтон билігінің мәлімдеуінше, Ассанж америкалық әскери қызметкер Брэдли Мэннингтен АҚШ-тың Ирак пен Ауғанстандағы әскери операцияларына қатысты құпия материалдарды алған. Бұл америкалық барлау агенттіктіктері ақпарат тасушыларының өміріне қауіп төндірген.

Ал Ассанждың жақтастары «WikiLeaks-те материалдар жариялағаннан кейін америкалық сарбаздардың Таяу Шығыста жасаған қылмыстары ашылып қалды» деп есептейді.

Қазір Ассанждың 18 айыптың біреуін мойындап, тергеумен алдын-ала келісімге келгені айтылады. Келісім ресми күшіне енген жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.