Ресейліктердің біздің елден долларды жаппай сатып алуы қорқынышты емес – Ұлттық банк төрағасы

Azattyq Rýhy

Теңгенің әлсіреуі қазақстандық экспорттаушыларға қолайлы

Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін журналистер сауалына жауап берген Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстандағы долларды ресейліктердің жаппай сатып алуынан еш қорқудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Кейбір сарапшылар «Мәскеу биржасына» салынған санкциядан кейін Қазақстандағы долларды ресейліктер жаппай сатып алады деген болжам айтып жатыр. Осыған байланысты Ресей рублін Қазақстанда конвертациялауға тыйым немесе шектеу қойыла ма?» – деп сұрады журналист.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, ондай шараға қажеттілік жоқ.

«Жоқ, қазіргі таңда шектеудің ешқандай қажеті жоқ. Өйткені біз көріп отырған құбылыс тек 1-2 процент көлемінде. Меніңше 1-2 процент үшін шектеу жасаудың ешқандай қажеті жоқ», - деді ол.

Сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасы теңгенің әлсіреуі қазақстандық экспорттаушыларға қолайлы деп есептейтінін айтты. 

«Өздеріңіз көріп отырсыздар, қазіргі таңда 1 рубльдің бағамы 5,2 теңге болып тұр. Сондықтан иә, теңгеміз аздап әлсіреді. Бұл деген - біздің экспорттаушыларымыз үшін өте бір тиімді құбылыс. Өйткені олардың тауарлары ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да бәсекеге қабілеттірек болады», - деді Ұлттық банк басшысы.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.