Алматыдағы түнгі клубтарда есірткі сатқан жігіт 10 жылға сотталды
Оны тінту барысында құрамында синтетикалық заты бар, ашық түсті, ұнтақ түріндегі байлам табылған еді

Өткен жылдың қыркүйек айында Алматы полициясы ойын-сауық мекемесінің аумағында синтетикалық есірткі мефедронды сатып жүрген 27 жастағы жігітті ұстаған болатын, деп хабарлайды Azattyq Rýhy қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.
«Біздің бөлімшенің жедел уәкілдері мен полицияның арнайы жасақтары іс-шараны түнгі сағат үште жүргізді. Күдікті ұсталды. Бізге белгілі болғандай, 1996 жылы туған Р.есімді азамат түнгі клубқа келушінің атын жамылып, есірткі таратумен айналысқан. Ұсталған кезде, оны тінту барысында құрамында синтетикалық заты бар, ашық түсті, ұнтақ түріндегі байлам табылды. Шөп тәркіленіп, сот-химиялық сараптамаға жіберілді. Сотқа дейінгі тергеу ҚР ҚК-нің 297 бабы бойынша тіркелді. Ұсталған азамат уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деді, сол кезде Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес Басқармасында.
Сот үкімімен 1996 жылы туған Р.есімді азамат, ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігінің 6-тармағында көзделген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды.