СІМ Ақжарқын Тұрлыбайдың жағдайы туралы ақпарат берді

Azattyq Rýhy

Ол Қытай елінде өмір бойына сотталған

СІМ Ақжарқын Тұрлыбайдың жағдайы туралы ақпарат берді
Фото: Facebook/Cұңқар Нұрмағамбетов

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствоның баспасөз мәслихатында  Қытайда сотталған Қазақстан азаматшасы Ақжарқын Тұрлыбайдың жағдайы туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Соңғы 6-7 жылда әлеуметтік желіде неше түрлі ақпарат шықты. Біреуін де растаған жоқпыз. Сондықтан оған қатысты ақпаратты растай алмаймын. Егер қандай да бір сұрақтарыңыз болса, Бас прокуратураға хабарлассаңыз болады. Экстрадицияға осы мемлекеттік орган жауап береді», - деді ол.

БАҚ өкілдері Сыртқы істер министрлігі Ақжарқын Тұрлыбаймен соңғы рет қашан байланысқанын сұрады.

«Біз байланыстамыз, жағдайы жақсы», - деді Айбек Смадияров.

Ал «Ол туысқандарымен қанша рет кездеседі», - деген сұраққа: «Оны бізге айтқан жоқ», - деп жауап берді.

Естеріңізге салайық, Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Гуанчжоу әуежайынан 4 жарым келі есірткі алып өтпек болды деп айыпталған. Бір жылдан соң Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Ал отандасымыз өзін шетелдік досы, яғни Адиндо Нонсо Фортуненің арбауына түсіп қалғанын айтқан еді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.