«Қытайда қалады»: Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты сот үкімі шықты
Ол бұған дейін өмір бойына бас бостандығынан айрылған болатын

Есірткі тасымалдады деген айыппен Қытайда сотталған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайға қатысты сот үкімі жарияланды деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қытай соты өмір бойы бас бостандығынан айыру туралы үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сот отырысына адвокаттар мен Қазақстанның ҚХР-дағы Елшілігінің консулы қатысты. Сот үкімі 10 күн өткен соң күшіне енеді”, - делінген аталған хабарламада.
Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оған шекарадан 4,5 келі есірткіні алып өтпек болды деген айып тағылды. Ол кезде отандасымыз 20 жаста болған еді. 2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.
2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілді.