Қазақстандықтар қаңтарда жаңа АӘК алуға өтініш жаза алады
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Халықты жұмыспен қамту орталығы қызметкерлеріне АӘК-ті жаңа форматта тағайындау мәселелерін азаматтармен алдын ала пысықтауды ұсынды

Қазақстан Республикасы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ержан Жылқыбаев пен ҚР Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ербол Нұрғалиев Шымкент қаласы және Түркістан облысына жұмыс сапары барысында Халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлеріне және аудан тұрғындарына атаулы әлеуметтік көмек берудің жаңа ережелерін түсіндірді, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бірінші вице-министр Түркістан облысында түсіндіру жұмыстарын Сайрам ауданының Халықты жұмыспен қамту орталығынан бастады. Жылқыбаев Халықты жұмыспен қамту орталығы қызметкерлеріне АӘК-ті жаңа форматта тағайындау мәселелерін азаматтармен алдын ала пысықтауды ұсынды.
«Сіздер білесіздер, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек тоқсан сайын тағайындалатын болады. Енді сіздердің екі негізгі міндеттеріңіз бар: желтоқсан айына төлемдерді келесі жылға ауыстырмай жыл соңына дейін төлеу және азаматтарға қаңтар айында АӘК тағайындау үшін құжаттар тапсыруға болатынын және ақпанда әлеуметтік көмек алатынын түсіндіру», - деді ол.
Сондай-ақ бірінші вице-министр Шымкент қаласының тұрғындарымен кездесу өткізіп, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізілетін атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерін егжей-тегжейлі түсіндірді. Сонымен қатар ол жаңа заң көпбалалы отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізуді, АӘК көрсету тетіктерін жетілдіруді және табысы аз отбасынан шыққан балаларға кепілдік берілген әлеуметтік топтама енгізуді көздейтінін айтты.