$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.10.2019, 20:15
Қоғам

Алматы әкімдігі 777 млн теңгеге қар тазалайтын техника сатып алмақшы

Ал, елордалық әкімдік бір ғимаратты сатып алуға 3 млрд теңге жұмсамақ

Алматы әкімдігі 777 млн теңгеге қар тазалайтын техника сатып алмақшы
Tengrinews

Алматы әкімдігі қалалық хоккей командасының дайындығына 350 миллион теңге жұмсамақ. Сондай-ақ, құны 300 миллион теңгеге жуықтайтын қар тазалағыш машинаны да сатып алмақшы. Тендер өткізуде жомарттық танытып, көш бастаған мемлекеттік мекемелердің тізімін Azattyq Rýhy тілшісі тізіп көрді.

Қызмет құны қымбат, әрі аса жоғары бағалы техниканы алуға бюджет қаржысы жұмсайтын әкімдіктің әрекетіне сарапшылар қалай қарайды?

Алматы қаласы әкімдігінің спорт басқармасы қалалық хоккей командасын дайындауға бюджеттің 349 миллион 966 мың 72 теңгесін жұмсауды жөн деп тапқан. Техникалық сипаттамада жабдықтаушыға келесі шарттар қойылады: команданы жаттықтыру, жаттығу үшін спорт кешешін жалға алу, ойыншыларға (30 адамнан аспайтын), 4 адамнан тұратын жаттықтырушылар құрамына ақы төлеу. Айлық төленетін адамдардың қатарында спорт менеджері, әкімші, дәрігер, массажист те бар. Тендер жеңімпазы хоккейшілерге арналған спорттық құрал-жабдықтар сатып алып, жарыстарға бару үшін ақы төлеуге, жол шығындарын да көтеруге міндетті.

Спорттық ойындарға шолу жасайтын Тимур Байкетаев бір команда үшін жұмсалатын осынау қаржы орынды деп санайды. Оның айтуынша, кәсіпқой спорт көп ақшаны  талап етеді. Егер қала өзінің кәсіби командасының болғанын қаласа қомақты ақша шығаруға тура келеді. Тек әттеген-айы, бұл қаражат кейін бюджетке қайтарылмайды.

«Бұл ақшаның қайтарылмайтыны өкінішті. Мемлекеттің ақшасы Қазақстан чемпионатында ғана ойнайтын команданы ұстап тұруға жұмсалады. Сонымен қатар, неге олар тендер арқылы жаттықтырушылар мен әкімшілік қызметкерлерді жалдайды, маған сол түсініксіз. Бұл кәсіби спорт. Жаттықтырушылар құрамы мүлдем басқаша жолмен алынуы тиіс. Біз мамандарды тендер арқылы алмауымыз керек», - деп көзқарасын білдірді Байкетаев.

Ал, Алматы хоккей құрама командасында бұрын PR-менеджер қызметін атқарған спорт комментаторы Рауан Оқас мұның кері әсері көп деп санайды. Тендерді жыл сайын әр түрлі компания ұтқан соң, құрамадағы ойыншылар да ауысады. Ал, бұл кәсіби спортшылардың қалыптасуына кері әсерін тигізеді.

«Үлкен көлемде ақша бөліп, тендер жариялау бұрыннан бар. Бірақ, өз басым бұның кері әсері көп екенін айтқым келеді. Тендерді ұтқан адам жыл сайын ауысады. Басшылық ауысады. Яғни, командада тұрақсыздық бар. Алматының командасы Қазақстан чемпионатында ешқашан медаль алып көрмеген. Оны ортаңқол командалардың бірі деп айтсақ қателеспейміз. Жыл сайын тендер емес, демеуші арқылы команда жасақтаса нәтижелі болады. Себебі, хоккейге деген қызығушылық өте жоғары. Сосын осынша көп ақша жұмсап жатқан соң команда ішкі чемпионатта емес, Құрлықтық хоккей лигасында, Ресейдің чемпионатында таласу керек еді. Бұлай беталды ақшаны шаша беруге болмайды. Бұрын «Қайрат» футбол командасы осындай еді. Қазір демеуші арқылы команда жақсарды», - деді спорт сарапшысы Рауан Оқас.  

Алматы әкімдігі коммуналдық қызметке де биыл жомарттық танытқан. Әкімдіктегі мамандар маусымдық қар тазалауға арналған үш көлікті 777 миллион теңгеге   бағалапты. Бір автокөліктің орташа құны 260 миллион теңгеге жуықтайды.

Алматы қалалық Жасыл экономика басқармасы жариялаған ашық тендерді ұтқысы келген компания жүзден аса техникалық сипаттамасы бар көлікті әкеп беруі тиіс.  Сонымен 776 785 714 теңгеге  бағаланған қар машинасының мынандай техникалық сипаттамасы болуы шарт: «Арнайы жасалған шассиі, сыпыру, күреу қондырғысы бар; кем дегенде 2 дизельді қозғалтқышы;  пневматикалық демпфирленген орындығы; күн сәулесінен қорғайтын перделер, әйнек тазалағыштары, желдеткіш, терезе қыздырғыштары; киім ілгіші бар; машинаның ұзындығы 2-білігімен итергішті есептемегенде: 9.300 мм кем емес; машинаның ені: 2.50 мм кем емес; машинаның биіктігі: (көрінетін мұнарасымен) 3.650 мм кем емес; максималды жылдамдығы: кем дегенде сағатына 85 шақырымнан аспайтын;  жан-жағын көре алу камерасы, кем дегенде екі есікті. 258 миллион теңгеге бағаланған техниканың сипаттамасы осылай тізбектеліп кете береді.

Бірақ  зауыттан 2019 жылы шыққан, жеткізген күннен бастап 12 айға кепілдігі бар осынау техниканы айтарлықтай өзгеше машина емес деп санайды мамандар. Автоэксперт Руслан Ізбасаровтың айтуынша, машинаның бағасы нарық бағасынан тым қымбат.

«Техникалық сипаттамалары стандартты, соншалықты ноу-хау жоқ.  Яғни аса, ерекше талаптар қойылмаған, машинада күшейткіш құрылғылардың болуы көрсетілмеген. Жалпы, коммуналды қар күреуге тән техникакалық сипатама жазылған. Мен соншалықты көп ақша төлейтіндей  ештеңе көрмедім. Бұндай бір техниканың құны  қымбат болмайды. Тіпті Гелендвагеннің соңғы үлгісі - 100 миллион теңгеден арзан», - деді маман.

Бюджет қаржысын жұмсау жағынан Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі де көш басында. Елорда басшылары қызметкерлердің жұмыс орнына қажетті заманауи ғимаратты 3 миллиард теңгеге сатып алатындарын жариялады.

Талап бойынша, ғимараттың ауданы 4000 шаршы метрден кем болмауы, жалпы саны 60-тан асатын бөлмелері болуы тиіс. Санитарлық талапқа сай жабдықталған қабылдау және демалыс бөлмелерінің өзі 4-тен аз болмауы керек. Аумағы кемінде 300 шаршы метрді құрайтын террассасы мен 35 көлікке арналған жабық паркингі талап етліген.
Тендер арқылы сатып алу жұмыстары жүргізілетін ғимарат әскери құрылымдарға арналуы да мүмкін. «Ғимаратқа кіріп-шығатын жер стационарлық металл детектормен жабдықталған, кезекші-күзетшінің бөлмесі брондалған әйнекпен қамтамасыз етілуі  шарт» деп көрсетілген.

Қазақстан риэлторлар қауымдастығы директорының кеңесшісі Нина Лукьяненко 3 миллиард теңгенің ғимараты алдын ала салынып қойып, оған мемлекеттік сатып алу жариялануы да мүмкін деп санайды.

«Бағасы нарыққа сәйкес келеді. Бірақ бұл жерде нарықта кездеспейтін дүниелерді талап еткен жағдайлар да кездесіп отыр. Бірақ олар алдын ала салынып қойған ғимарат бойынша, сондағы көрсеткіштерді тізіп тендер жариялауы да мүмкін», - деп ойын білдірді Нина Лукьяненко.

Осы аталған үш тендер бойынша да өтінім қабылдау басталған. Бірақ әзірге оларға жеткізушілер тарапынан бірде бір өтініш түскен жоқ.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#Алматы #Астана