$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.06.2024, 02:00
Қоғам

Шымкентте жол апатына ұшыраған жасөспірімдер қатары көбейді

Жазғы демалыста жолдағы бақылау күшейтіледі

Шымкентте жол апатына ұшыраған жасөспірімдер қатары көбейді
Фото: istockphoto.com

Жыл басынан бері Шымкентте скутер мінген 108 жеткіншек жол апатына түскен. Жазғы демалыс басталғалы бұл көрсеткіш тіпті көбейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

Электросамокатты 16 жастан жоғары, ал мотоциклді жол жүру құжаты барлар ғана тізгіндеуге рұқсат. Бірақ Шымкентте бұл талап сақталмайтын көрінеді. Мысалы, мұнда жол бойында электромопед тізгіндеген жасөспірімдерді көруге болады. Өкініштісі, жазғы демалыс басталғалы олардың жол апатына түсуі жиілеген.

«5 айда жарақатпен келген науқастар саны тоғыз мыңнан асады. Соның ішінде 416-ы жол көлік апатынан. 416-ның 108-і скутер, электромобильді мініп көшеге шығып кеткен жасөспірімдер. Алған жарақаттары өте ауыр. Сан сүйегі болмаса сирақ сүйектері, бас ми жарақаттарымен ауруханаға түседі. Кейде осы үш жарақат та бір балада кездеседі», - дейді Балалар клиникалық ауруханасы жарақат бөлімінің меңгерушісі Болат Нұсқабаев.

Соңғы уақытта мотоцикл жүргізушілерінің қатысуымен де жол апаты көбейген. Жылдамдықты асырып, ережені елемегендердің жан тапсырғандары да аз емес. Осылай деген полиция департаменті енді рейдтік жұмыстың қатаңдайтынын айтады.  

«Егер мопед, электросомакат жүргізушілері жол жүру ережелерін қатаң бұзатын жағдайда олар ҚР әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 616-бабымен жауапқа тартылатынын ескертеміз», - деді жергілікті полиция басқармасының аға инспекторы Мұхтар Орынбеков.

Скутер мініп апатқа ұшыраған оқушылар арасында қайғылы жағдай тіркелмеген. Алайда алған жарақат өте ауыр. Балалардың бірі бас миы шайқалса, енді бірінің аяқ-қолы сынған.

Серіктес жаңалықтары