Атырауда еріктілер 130 млн теңгеден астам қаржының негізсіз жұмсалуына жол бермеді

Azattyq Rýhy

Осыған байланысты еріктілердің ұсынысымен сатып алу конкурсы толығымен тоқтатылды

Атырауда еріктілер 130 млн теңгеден астам қаржының негізсіз жұмсалуына жол бермеді
Фото: istockphoto.com

Атырауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер бюджеттің 130 млн теңгеден астам қаржының негізсіз жұмсалуына жол бермеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер табиғи сипаттағы төтенше жағдай режиміне байланысты бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылауға алған.

«Елімізде мемлекеттік және жергілікті атқарушы органға қызметтер, іс-шаралар бойынша артық шығындарды қысқарту жөнінде тапсырмалар берілген еді. Алайда, кейбір мемлекеттік органдар бұл тапсырманы орындамайтыны анықталды. Мысалы, Жылыой ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі жалпы сомасы 22 млн 321 мың 429 теңгеге ұлттық ат спорты түрлері бойынша жарыстар өткізуді жоспарлаған. Жылыой ауданы сәуір айында су тасқынынан зардап шеккенін, әлі күнге дейін салдарын жойып жатқанын ескерсек, аталған жарысты өткізу өзекті емес болып саналады. Осыған байланысты еріктілердің ұсынысымен сатып алу конкурсы толығымен тоқтатылды», -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Осыған ұқсас жағдай Махамбет ауданында байқалып отыр.

Аудандық білім бөліміне қарасты Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебі 16 млн 607 мың 142 теңгеге 2 дана ұлттық киіз үй сатып алмақ болған.

Бір киіз үйдің бағасы — 8 млн 303 мың 571 теңге. 

«Еріктілер жүргізген мониторинг кезінде ұқсас тауардың медианалық бағасы 2 млн 650 мың теңгені құрайтыны анықталды. Мониторинг нәтижесімен сатып алу жойылып, бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді. Жыл басынан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы еріктілер 130 млн теңгеден астам бюджет қаражатын үнемдеді», -деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.