«Екі бүлдіршін қайтыс болған»: СҚО-да тұшпара жеген әйел мен үш бала ұшынып қалды

Azattyq Rýhy

Құзырлы органдар қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады

«Екі бүлдіршін қайтыс болған»: СҚО-да тұшпара жеген әйел мен үш бала ұшынып қалды
Фото: istockphoto.com

СҚО-да тұшпара жеген әйел мен үш баласы ұшынып қалды. Барлығы бірдей ауруханаға түскен. Өкінішке қарай, екі бүлдіршінді аман алып қалу мүмкін болмады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.

Оқиға Қызылжар ауданының Надежка ауылында болды. Ауыл дүкенінен тамақ алған отбасы кешкі ас дайындап, артынша жатып қалған. Туысқандарының айтуынша, алдымен кішкентай сәби құса бастаған. Ізінше қалған екі баланың хәлі нашарлапты.

«Олар дүкеннен тұшпара, шұжық және газдалған шырын алды. Отағасынан басқасының бәрі оны жеді. Кейін барлығы уланып қалды. Кішкентайымыз түні бойы құсып, таңертең көз жұмды. Ауылдың медбикесі қастарында болды», - деді ауыл тұрғыны Сергей Коваленко.

Облыстық ауруханаға жеткізілгеннен кейін араға бірнеше сағат салып, екінші бүлдіршін де көз жұмған. Ал анасы мен 10 жасар бала қазір аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.

 «Науқастардың бойында тағамдық токсикоинфекция анықталды. Саладрынан екі сәби токсикологиялық шок алып, мидың ісінуінен қайтыс болды. Қалған екі науқастың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты», - деді СҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Раиса Құсайынова.

Коваленко жанұясына сапасыз азық-түлік сатқан ауыл дүкені қазір жабық. Құзырлы органдар қылмыстық іс қозғап, тергеуді бастады.

 «Аталған факті абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеліп соққан санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық талаптарды бұзу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп тексерулердің біріңғай тізіліміне енгізілді», - деді СҚО ПД Тергеу басқармасы басшысының орынбасары Азат Құсайынов.

Сот медициналық сараптаманың нәтижесі бір айдан кейін шығады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.