Бұрынғы күйеуі мұрны мен жағын сындырған тараздық келіншек әділдік іздеп жүр

Azattyq Rýhy

Бұрынғы күйеуінен қорлық көрген Таңшолпан Керімова қазір «Үміт» орталығын паналап жүр

Бұрынғы күйеуі мұрны мен жағын сындырған тараздық келіншек әділдік іздеп жүр
Фото: istockphoto.com

Елімізде отбасындағы зорлық-зомбылық оқиғалары жыл сайын артып келеді. Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі заң да қабылданғанын білеміз. Бірақ іс жүзінде әділдік іздеп шырылдап жүрген жәбірленушілер аз емес. Соның бірі Тараз қаласының тумасы, екі баланың анасы Таңшолпан Керімова. Ол қазір Астана қаласындағы дағдарыс орталығында тұрып жатыр, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy.

«Биыл қаңтар айынан бері оңалту орталығындамын. Күйеуімнен зәбір көріп, баратын жерім болмаған соң осы жерді паналап отырмын. Бұрынғы жолдасым ішімдік ішкен емес. Бірақ 7 жылға жуық уақыт бойы қол көтеріп, ұрып-соғып, психологиялық қысым көрсетіп келеді. Біз 2015 жылы отбасын құрдық. Алты айдан кейін себепсіз қол көтеретін болды. Бірінші баламды босанған кезімде екінші әйел аламын деп шу шығарды. Басында басқа қалаға тойға барамын деп үйден кетіп қалған болатын. Сөйтсем, құдашасымен Ыстық көлде көңіл көтеріп жүріпті. Оның бұл тірлігін енемнің өзі ұстап берді. Екі апта үйде болған жоқ. Сосын қайтып оралған соң, ашық түрде «екінші әйел аламын» деп өз аузымен айтты. Осы жағдайдан кейін ажырастық», - дейді ол.

Кейіпкердің айтуынша, оның көрген қорлығы ажырасқаннан кейін бітпеген. Ресми түрде екі жаққа кеткеннен кейін 8 айдан соң, ұрып-соғу қайтадан басталған. Оның бұрынғы жолдасы Таразда әке-шешесінің көзінше Таңшолпанға қол көтерген.

«Соттың шешімі бойынша демалыс күндері менің қатысуыммен балаларды көріп кете алады. Соны сылтауратып мені де, ата-анамды да соққыға жықты. Анамның басын жарды. Кейін ойына келген уақытта келіп қол көтеретін болды. Амалым қалмағаннан кейін жергілікті полиция қызметіне хабарласып, үстінен арыз түсірдім. Ары кетсе 2 күнге ғана қамайды немесе айыппұлмен құтылып кетіп жүрді. Шыққаннан кейін шағым түсіргенім үшін тағы да келіп сабап кетті», - дейді кейіпкер.

Сот алдына барған кезде бұрынғы жолдасы өзін сүттен ақ, судан таза екенін айтып, керісінше Таңшолпанның өзіне кінәні үйіп-төгеді екен. Жәбірленушінің үздіксіз ауыр соққыдан талай мәрте басы жарылған.

«Осыдан үш жыл бұрын таң атпастан үйге баса-көктеп кіріп, менің жағымнан жұдырықпен бар күшімен ұрды. Қасымда балалар болған еді. Сол күні емханаға түсіп, ертеңінде жағыма операция жасады. Осы жағдайдан кейін оның үстіне тағы да арыз жаздым. Сосын артынша өзі хабарласып, тағы да жағыңды сындырамын деп қорқытты. Дереу арызды қайтарып ал деп бұйырды. Егер олай жасамасам, шешемді өлтіріп кететінін айтты. Тұрмысқа шықпаған туған сіңілім бар. Соны зорлап кетемін деді. «Сені өлтіріп, денеңді батпаққа лақтырып кетемін. Сенің іздеуің жоқ» деп аузына келгенін айтты. Әбден басынды», - дейді Таңшолпан.

Оның бопсалауынан кейін қорыққан жәбірленуші бұл жолы арызды өз еркімен қайтарып алады. Өйткені, бұрынғы күйеуі жәбірленушінің анасының жұмысына барып, қорқытып-үркіткен. Таңшолпан абьюзер күйеуімен 2019 жылы қайта қосылады. Оған туған-туыс, ағайынның екеуін татуластыруға тырысуы себеп болады. Сол кезде екінші қызын босанған екен. Бірақ жаңа туған бала да, екінші рет берілген мүмкіндік те бұрынғы жолдасының өзгеруіне әсер етпейді. Бұл жолы да дұрыс отбасы болып кете алмайтынын түсінгеннен кейін кейіпкеріміз ары қарай қорлық көруге төзбеймін деп шешеді. Екінші рет қайта айырылысқаннан кейін де тыныштық бермеген.  Күйеуі «екі баланы маған тастайсың да, өзің Тараздан біржола кетесің» деп шарт қойған.

«Ұрып-соққанынан қатты қорқып қалғаным сондай, оның бұл шартына да көндім. Сөйтіп менен екі қызымды алып кетті. Мен Астанаға көшіп кеттім. Сол кезде бұрынғы енем хабарласып, ұлының қыздарға мүлде қарамайтынын айтты. Сол кісінің көмегімен 8 ай дегенде қыздарымды қайтарып алдым. Бірақ артынша, бұрынғы күйеуім Астанаға келіп алды. Маған тағы да талап қойды. «Қай кезде келсем де, кіммен көңіл көтерсем де, сені ұрып-соқсам да маған бәрі болады. Сен соған көнесің»,- дейді бұрынғы жұбайының өктем әрекетін баяндаған Таңшолпан.

Кейіпкеріміз сұхбатында отбасын сақтап қалу үшін қолынан келгенше әрекет жасағанын айтады. Екінші рет босанғанда да, қала ауыстырғанда да жолдасы мүмкін өзгеретін шығар деген үміті болғанын жасырмайды. Тіпті, Астанаға келгенде қайта бірге тұрып көруге шешім қабылдайды. Бірақ бұл жолы да көрген қорлығы сол қорлық күйінде қалыпты.

Таңшолпан «Үміт» дағдарыс орталығына түсердің алдында тағы да экс-күйеуінен ауыр соққы алады. Осыдан кейін оның үстінен қылмыстық кодекстің 110-бабы бойынша шағым түсіреді. Бірақ әділдік іздеген жәбірленушіге Астана қаласындағы Сарыарқа ауданының тергеушісі «көңілдесім болсаң ғана іске көмектесемін» деп талап қояды. Бұл сөз онсыз да қорғансыз әйелдің намысына тиеді. Кейін әлгі тергеуші бұл істі қылмысқа жатпайды деп жылы жауып қоя салған.

«Тергеушілердің маған айтқаны, мұрын сынғаны ауыр жарақатқа жатпайды. Ауыр санатқа жату үшін аяқ-қол сынып, мүгедек жағдайға жету керек деп түсіндірді. Балаларына ешқашан көмек көрсетпегені үшін әкелік құқынан айырайын десем, бұл да мүмкін емес. «Ажырасқаннан кейін екі балаға алимент төлесін деп үстінен арыз берген едім. Содан кейін тағы да сол үшін таяқ жедім. Ұра берген соң, оны да алып тастадым. Осы уақытқа дейін әке ретінде балаларға көк тиын да берген емес. Негізі табатын  табысы жақсы. Бірақ алимент төлемес үшін жеке кәсіпкерліктің атынан жалақысын төмен етіп көрсетіп қойған.  Сонда әділдік қайда? Бұл елде соққыға жыққан адамға жаза қолдану үшін жәбірленушінің өлгенін күту керек пе? Құқық қорғау органдарының түрі анау», - деп налиды кейіпкеріміз.

Оның айтуынша, алғашында күйеуінің қол көтеруіне енесі себеп болған. «Бізде таяқ жейтінбіз» деп айта берген соң, ұлы ұрып-соғуды әдетке айналдырыпты.

«Бұрынғы жолдасым әкесіз өскен. Өмірге және туған анасына деген өкпесін маған қол көтеру арқылы шығарғысы келетін сияқты. Мені қинағаннан жаны рахаттанады. Менің күнім соған қарап қалса екен дейді. Бұл жақсы көру емес. Соны түсіндім»,- дейді ол.

Жылдар бойы көрген қорлығы еттен өтіп, сүйекке жеткеннен кейін Таңшолпан өмірмен қош айтысу туралы да ойлағанын айтады. Бірақ екі баласының болашағы үшін өз-өзін қолға алып, жұмысқа тұрып ел қатарлы тыныш өмір сүруге тырысады.

«Ең бастысы бір адамға бола бүкіл өміріңді, балаларыңның өмірін қор қылмау керек екен», - дейді ол.

Таңшолпан Керімованың экс-күйеуіне қатысты іс сотқа жолданған

Azattyq Rýhy тілшісі Таңшолпан үнемі қорлық қордым деген күйеуіне заң органдары қандай шара қолданып жатқанын білу үшін полиция департаментіне хабарласты.

«Таңшолпан Керімованың шағымына сәйкес Қылмыстық кодекстің 110-бабы бойынша А есімді азаматтың үстінен қозғалған іс сотқа жолданды. Өзге мәлімет тергеу мүддесіне орай жариялануға жатпайды», - дейді бізге жауап берген «Сарыарқа» ауданы полиция басқармасының тергеушісі Қуаныш Еркінұлы.

«Ұрыс-керіс көріп өскен бала жасық болып өседі»

Әйелін аса қатыгездікпен өлтірген бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың оқиғасынан кейін қоғамда абьюзерлік қарым-қатынас туралы ашық әрі жиі айтыла бастады. Әсіресе, «психопат» және «манипулятор» деген түсінік кеңінен тарады. Таңшолпан да жылдар бойы отбасындағы кикілжіңге бұрынғы күйеуін емес, өзін кінәлі сезініп, оны құтқару үшін шыдамдылық пен түсіністік танытып келгенін айтады. Бірақ осының салдары қандай болатынын психоанализ бағытындағы психолог Мейіргүл Бимағамбетова былай түсіндіреді:

«Абьюзер адаммен отбасын құру жәбірленушінің психологиялық жағдайына аса қауіпті. Тек қана құрбанына ғана емес, отбасындағы барлық адамға зиянын тигізеді.  Мысалы, күйеуі әйелін ұратын болса, балалары жасық болып өседі. Өзгелерге зорлық көрсететін адамдар үнемі іштей азаппен, қайғымен, үреймен өмір сүреді. Сондықтан менің бойымдағы үрей мен қорқынышты, қасіретті өз құрбаныма көрсетемін деген бейсаналық ой болады. Соны іске асырады. Ол құрбанын физикалық я болмаса эмоциялық тұрғыда қинау арқылы жаны ләззат алады», - дейді маман.

Психологтың сөзінше, отбасында жылдар бойы соққыға шыдап жүру бір жағынан әйелдердің де нақты шешім қабылдауға жүрексінетінінің белгісі. Бұрынғы қарым-қатынасқа қайтып бару, кешіру де тәуелділік. Бұған қоса, отбасында әкесі анасын ұрғанын көрген қыз балалар көп жағдайда өскен кезде бейсаналы түрде өз әкесі сияқты адамға күйеуге тиеді маман. 

«Ондай қыз балалардың түсінігінде әйел ер адамнан бір саты төмен тұрады деген ой болады. Сондықтан әйелдің еркектен жәбір көруі, таяқ жеуі қалыпты жағдай деп қабылдайды», - дейді ол.

Сондықтан психолог қарым-қатынастық алғашқы баспалдағында аса мұқият болуға шақырады. Өйткені, байыппен құрылмаған байланыс, отбасын құру туралы тез арада қабылданған шешім ертеңгі күні бармақ тістейтін жағдайға алып келуі мүмкін.

«Абьюзерлер өз құрбанын үздіксіз бақылауда ұстап отырады. Өзінің дегені болмаса, күш көрсетіп тіпті, адам өлтіруге дейін баратын жағдайлар болады. Өйткені, олар өздерін бақылай алмайды. Осы ретте, жәбірленуші мен қорлық көрсетуші құлып пен кілт сияқты бір-бірін іздеп табады. Екеуінің де бейсаналық тұрғыдан ауытқуы бар», - дейді Мейіргүл Бимағамбетова.

Осы ретте, Мейіргүл Бимағамбетова Таңшолпанның жағдайына байланысты жолдасының қасақана көзіне шөп салуын былай түсіндіреді:

«Абьюзерлер табиғатынан жан жыныстық жағынан дамымаған адамдар. Олардың әйеліне өзге біреуге барып жыныстық қатынасқа түскені туралы айту әдет емес, бұл - ауру. Ауытқуы жоқ адам бұндай тірлік істемейді. Әдетте 5-8 жаста адам бойында қалыптасуы тиіс ар-ұят сияқты құндылықтар абьюзерде жоқ. Осы жаста абьюзердің бойындағы жыртқыштық инстинктерді басып отыратын эго қалыптаспай қалған. Басқаша айтқанда, ол эмоциялық тұрғыда өте кедей адам. Бір қызығы ондай адамдардың табыс табуға келгенде интеллект деңгейі жоғары болуы мүмкін. Бірақ жан жыныстық тұрғысынан алғанда ол адамның деңгейі өте төмен болып отыр. Көп жағдайда абьюзерлер бала кезінде яғни, 1 жарым жастан асқан кезде психологиялық жарақат алады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін ондай адамдарға өмір бойына психотерапия алу керек болады», - дейді маман.   

Жылдар бойы жолдасынан қорлық көріп келген Таңшолпан сияқты аналардың аяқтан тұрып кетуі үшін психологиялық ауытқулықты мойындау және сонымен күресу, жәбірленуші ретінде ішкі комплексті жеңе білу маңызды. Өйткені, ұзақ уақытқа созылған психологиялық қысымның салдарынан өмірге қабілетсіз болып, барлық жақсылықтан күдер үзіп, өмірін қиюға дейін баратындар аз емес. Бірақ деструктивті қарым қатынастан шығу ерік жігерді, батылдықты және психологиялық білімді қажет етеді. Таңшолпан да бұрынғы күйеуінің абьюзер екенін мойындап, одан біржола бас тартады. Енді тек алған жарақаттары мен соққысы үшін сот әділ үкім шығарса деп үміттенеді.

Жанат Ерболған

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.