COVID-19: Шымкентте қайтыс болған науқаста жүрек ауруы мен қант диабеті болған
Марқұмды аман алып қалу үшін республикалық мамандармен бірнеше рет кеңес өткізілген
Елімізде коронавирустан қайтыс болғандар саны 22-ге жетті. Соңғы жағдайлардың бірі Шымкентте тіркелген.
Марқұм 1968 жылы туған, Абай ауданының тұрғыны. Ол 20 сәуірде Шымкент қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасының реанимациялық бөліміне жатқызылған.
«Ауруханаға түскен кезде, науқастың ауыр жағдайына байланысты, ӨЖЖ аппаратына қосылды. Науқаста дилатациялық кардиомиопатия, жүрекше фибрилляциясы, артериялық гипертензия, созылмалы жүрек жетіспеушілігі, қант диабеті сияқты ілеспе аурулары болды», - делінген Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы таратқан хабарламада.
Науқасты өлімнен аман алып қалу үшін дәрігерлер қажетті емдеу шараларының бәрін жүргізген. Бірнеше рет республикалық мамандармен кеңес өткізілген. Жүргізілген реанимациялық шараларға қарамастан, 23 сәуірде сағат 20:30-да науқас қайтыс болды.