$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.04.2020, 11:54
Қоғам

«Birgemiz» қоры аясында тағы 210 мың отбасыға 50 мың теңгеден беріледі

«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек мұқтаж жандарға көмек көрсетудің екінші кезеңі басталатынын айтты

«Birgemiz» қоры аясында тағы 210 мың отбасыға 50 мың теңгеден беріледі
фото: facebook.com/baibekbk

«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек күллі мұсылман қауымын келіп жеткен қасиетті Рамазан айымен құттықтады.

«Бұл ай – жақсылық жасаудан жарысатын, ниеттер түзеліп, ізгі амалдар мен игі істердің қанат жаятын кезі. Осы күндері ораза тұтып, ауыз бекітуге ниеттенген жандардың тілек-дұғалары қабыл болсын», - деп жазды ол.

Бауыржан Байбек жаһандық деңгейде өршіген коронавирус індетіне ауызбіршіліктің арқасында ел болып төтен береміз деп сенеді.

«Биылғы Рамазан айы барша әлем халқы қатерлі індетпен күресіп жатқан қысылтаяң шақпен тұспа-тұс келіп отыр. Мемлекетіміздің дер кезінде қолға алған сақтық шаралары мен халқымыздың ауызбіршілігінің арқасында бұл қатерлі індеттің кең таралуына жол берілмей, қиындықтарды біртіндеп еңсеріп келеміз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауында атап көрсеткендей, «Рамазан айында әрдайым ырыс пен ынтымақ, ізгілік пен мейірім салтанат құрады. Отыз күн Оразада мұқтаж жандарды қолдап, қайырымдылық көрсету игі дәстүрге айналды», - деді.

Бүгінге дейін «Birgemiz» қоры аясында 152 мың отбасы 50 мың теңгеден біржолғы көмек алған.

«Бұл ретте Елбасының тапсырмасымен «Nur Otan» партиясы да алғашқы күннен бастап өзінің бүкіл әлеуетін Президент жариялаған коронавируспен күрес шараларын қолдауға, мұқтаждарға көмек ұйымдастыруға жұмылдырды. «Birgemiz» қоры аясында 152 мың отбасы 50 мың теңгеден біржолғы көмек алды. 76 мың отбасы бірінші кезекте қажетті тауарлармен қамтамасыз етілді. Әлеуметтік жағынан әлсіз тұрғындарға 5 миллион маска тегін таратылды», - дейді Б. Байбек.

Алда мұқтаж жандарға көмек көрсетудің екінші кезеңі басталып, бұрын көмек алмаған тағы 200 мыңнан астам отбасы қамтылады екен.

«Партиямыздың лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың пәрменімен дүйсенбіде, яғни 27 сәуірден бастап мұқтаждарға көмек көрсетудің екінші кезеңі басталмақ. Бұл ретте алдында мұндай көмек алмаған 210 мыңнан астам мұқтаж отбасы қамтылып, оларға 50 мың теңгеден аударылатын болады. Сонымен бірге азық-түлік себеті мен жеке қорғаныс құралдары түріндегі атаулы көмек көрсету де өз жалғасын табады. Қасиетті айда осы бағыттағы игілікті істерді әрі қарай іліп әкетіп, қиналғанға демеу, жабыққанға жебеу болатын қайырымды жандар қатары арта түсетініне сенімдімін», - деп жазды.

Серіктес жаңалықтары