Карантин: «Қазпошта» зейнетақыны жеткізіп бергені үшін 2% комиссия ұстап қалған
СҚО зейнеткерлері шағымданып жатыр
Солтүстік Қазақстан облысында зейнеткерлер «Қазпошта» АҚ-ның жұмысына шағымданды. Монополист компания ауылдық жерлерде тұратын кейбір қарттардың зейнетақысынан екі пайыздық комиссия ұстап қалған. Ал «Қазпошта» басшылығы өз әрекетінде ешқандай заңсыздықтың жоқтығын алға тартты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Әлемдік статистика орта жастағы және одан үлкен адамдар үшін коронавирус аса қауіпті індет екенін көрсетіп отыр. Сондықтан бірқатар мемлекеттер бірінші кезекте қарттарды оқшаулаудың қатаң әдісіне көшті. Қазақстанда да жасы 65-тен асқан тұрғындарға сыртқа шығуға тыйым салынған. Туған-туыстары жоқ зейнеткерлер күнделікті тұтынатын азық-түлік пен дәрі-дәрмек алу үшін еріктілердің көмегіне жүгінеді.
Қарттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Солтүстік Қазақстан облысында да бірқатар шаралар қолға алынды. Солардың бірі – жасы егде тартқан адамдардың зейнетақысын үйіне апарып беру жайындағы шешім. Әу баста бұл жаңалықты облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың аузынан естіген қариялар қуанғаны рас. Өңір басшысы әр зейнеткердің ақшасы үйіне дейін жеткізілетінін айтқан болатын. Алайда, олардың қуанышы алғашқы зейнетақы төлемі қолға тиген сәтте-ақ су сепкендей басылған.
«Ауылдық пошта бөлімінің қызметкері хабарласты. Зейнетақы келгенін айтты. Қазір облыс орталығына баруға мүмкіндік жоқ. Жолдардың барлығы жабық. Көп ойланбастан бардым. Пошташы ешқандай ескертусіз POS терминалдан ақшаны шешіп алып, зейнетақымды қолыма ұстатты. Қарасам, екі мың теңгедей жетпейді. Сұрастырсам, комиссия ұсталған екен. Түбіртегін де берді. Барлығы көрсетіліп тұр. Екі мың теңге мен үшін көп ақша емес. Тек осындай қиын жағдайда зейнеткерлерден не себепті комиссия ұсталатынын түсінбедім. Бастапқыда айтылғанындай, ақшамызды үйге де әкелген жоқ. Поштада іші ығы-жығы, адам көп екен. Бәріміз сығылысып кезекте тұруға тура келді. Осындай қиын сәтте, карантинде зейнетақыны толық берудің жағдайын қарастырып, жұмысты дұрыстап ұйымдастыруға болады ғой», - дейді Қызылжар ауданына қарасты Петерфельд ауылының тұрғыны Сағат Қуандықов.
Бұл Петерфельд ауылындағы жалғыз жағдай емес. Тұяқбай Рақышевтың да «Қазпошта» АҚ-ның жұмысына өкпесі қара қазандай. Қария көп жылдар бойы Петропавл ауыр машина зауытында жұмыс істеп, саналы ғұмырын өндірістің өркендеуіне арнаған жан. Енді таза еңбекпен жеткен зейнетақысы қолына толық тимегеніне назалы. Әрі қазір керек-жарақтың барлығын ауылдағы дүкеннен сатып алып жүргенін айтады. Жергілікті саудагерлердің тауарының бағасы облыс орталығындағы дүкендерден біршама қамбат. Сондықтан шығын да көбейген.
«Садақа» деп қазақшылыққа салып, бұл жағдайдың бетін жылы жауып қоя салуға болар еді. Бірақ қаншама адамның зейнетақысы жем болып жатыр. Осындай қиын жағдайда зейнеткерлерге көмектесудің орнына, қалтасындағы тиын-тебенді қағып жатқандары дұрыс емес қой. Үйде екі зейнеткерміз. Бізден ғана емес, қаншама адамнан осындай комиссия ұсталып жатыр», - дейді Тұяқбай Рақышев.
Карантин талаптарын қатаң сақтайтын жандардың бірі – Петерфельд ауылының тұрғыны Қарлығаш Биғожина. Ертеректе Жамбыл ауданында тұрған. Бірнеше жыл бұрын облыс орталығына жақын болғандықтан, Қызылжар ауданына қоныс аударыпты. Соңғы жылдары ешқайда жұмыс істемегенін айтады. Негізінен үй шаруасымен ғана айналысқан. Қазір ең төменгі зейнетақы мөлшерін алады.
«Бізге түбіртек те берілген жоқ. Сұрамаппыз да. Әдетте зейнетақымызды Петропавл қаласына барғанда банкоматтан алатынбыз. Азық-түлігімізді сатып алып, бірнеше шаруаның басын қайырып қайтатынбыз. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Отағасы екеуміздің алатынымыз 100 мың теңгеден сәл асады. Дәл қазіргідей сәтте біз үшін кез келген сома артық емес. Кеше жергілікті дүкенге бардым. 3 мың теңге жұмсадым. Сондағы алғаным нан, сүт, орамжапырақ пен майонез сынды ұсақ-түйек тауар», - дейді Қарлығаш апай.
Мән-жайды білу мақсатынды «Қазпошта» АҚ Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Бекжігіт Бекбердиевке хабарластық. Айтуынша, өңірдегі 50 мың зейнеткер «Қазпошта» қызметіне жүгінеді екен. Қалғандары зейнетақыларын өз таңдаулары бойынша екінші деңгейлі банктер арқылы алады.
«Зейнетақысын екінші деңгейлі банктер арқылы алатын азаматтар үшін ауылда «Қазпоштаның» POS терминалын ғана пайдалану мүмкіндігі бар. Банкомат болмағандықтан, карточкадағы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырудың басқа әдісі жоқ. Сондықтан 2 пайыздық комиссия ұсталады. Ал шағын ауылдарда пошта бөлімшесі жоқ. Пошташылар ғана жұмыс істейді. Олар ақшаны зейнеткерлерге өздері таратады. Ешқандай комиссия ұсталмайды. Сондықтан комиссия ұсталғанына шағымданғандар «Қазпошта» қызметіне ауысса, зейнетақысын толық, комиссиясыз ала алады», - дейді ол.
Осылайша монополист өз талабын жеткізді. Егер қарттар оған бағынбаса, карантин аяқталғанша зейнетақысынан тағы да осындай комиссия төлеуге тура келеді.
Бұған дейін «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов төтенше жағдай кезінде 390 мың адамның зейнетақысын үйіне жеткізіп бергенін айтқан еді.
Эльмира Мәмбетқызы, СҚО