Елордада сағат 20:00-ден кейін көшеде жүрген барлық көлік тексеріледі
20 сәуірден бастап көшедегі көлік қозғалысы 10%-ға артқан
Қалалық билік өкілдері азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтап, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін қажетті барлық шараларды қолға алуда. Елордалық полиция департаменті арнайы режимде өз жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты.
«20 сәуірден бастап кейбір кәсіпорындардың жұмысын жалғастыруға рұқсат берілгендіктен, көшедегі көлік қозғалысы 10%-ға артты. Қалалық жедел штаб шешімімен өз жұмысын қайта бастайтын кәсіпорындар саны көбейді. Бұл тізімді автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, вулканизация, автосалон сияқты жұмыс орындары толықтырды», - делінген ақпаратта.
Әкімдіктің ресми хабарламасында айтылғандай, жұмыс жағдайында автокөлік салонында тек жүргізуші ғана болуы керек. Сондай-ақ агротехникалық салада да жұмыс істеуге рұқсат етілген. Дегенмен әр ұйым өз қызметкерлерінің жұмысқа келуі мен кері қайтуын ұйымдастыруға міндетті. Полиция көбіне жеке тұлғалардың жеңіл автокөліктерін тоқтатады.
«Ұйымдардың жұмыс уақыты 18:00-де аяқталады. Күндіз «Сергек» бейнебақылауының талдау нәтижесі бойынша, трафиктің толық бақылауы қажет болған жағдайда мобильді посттар орнатылады. Сағат 20:00-ден кейін мобильді посттарда көлік қозғалысы 100% тексерістен өтеді. Бүгінгі таңда 1 125 көлік айыппұл тұрағына қойылды. Сағат 22:30-ға дейін тек азық-түлік сатып алумен айналысатын көліктер ғана жүре алады. Ал, сағат 23.00-ден кейін дезинфекция жұмыстары үшін көлік қозғалысын 5%-ға дейін төмендету жоспарланған», - делінген.
Полиция қызметкерлерінің жұмысы тұрғындарға карантин талаптарын сақтауды түсіндіруге бағытталған. Төтенше жағдай мен карантин режимін қасақана бұзған жағдайда құқық бұзушыларға заңға сәйкес нақты шаралар қабылданады.
«Құрметті қала тұрғындары, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін карантин талаптарын қатаң сақтауды талап етеміз. Қабылданған шараларға түсіністік танытып, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарын сақтап, инфекцияның алдын алуға көмектесулеріңізді сұраймыз. Бұл шаралардың барлығы сіздің және жақындарыңыздың денсаулығы үшін қабылданып жатыр», – дейді полиция қызметкерлері.