Шымкентте көлік өтетін көпір опырылып түсті
Төтенше жағдай болған жерде қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр
Шымкент қаласының Жаңаталап шағынауданында көлік өтетін көпір жартылай құлады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24kz арнасына сілтеме жасап.
Өткел халық көп шоғырланған елді мекенді қаламен байланыстырып тұрған. Төтенше жағдай болған жерде қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Тұран ауданының әкімі Берік Әшірбеков жергілікті тұрғындарға көпірдің уақытша жабылғанын мәлімдеп, қазір көлік қозғалысына жаңа бағыт қарастырылып жатқанын айтты.
«Сіргелі ауылы мен Жаңаталап арасындағы жол көпір зақымдануына байланысты жабылады. А2 трасса бойындағы жаңа мазараттан бері қарай топырақ жол бар. Өздеріңіз білесіздер. Біз қазір жолды сызып, картасын дайындап қоямыз. Сол жерде біз бүгін түнімен жолды тегістеп, машина жүретін мүмкіндікті қарастырып қоямыз», - деді Шымкент қаласы Тұран ауданының әкімі Берік Әшірбеков.