Халық даналығын арқау еткен алматылық қариялар Францияда қазақ өнерін паш етті

Azattyq Rýhy

Парижде «Ардагерлер» ансамблі концерт берді

Қазақстанның Париждегі елшілігінің жазғы сахнасында Алматы қаласы Алатау ауданының «Ардагерлер» ансамблі концерт берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс-шараға Қазақстанның Франциядағы елшісі Гүлсара Арыстанқұлова, Қырғызстанның Франциядағы елшісі Садык Шер-нияз, сондай-ақ көптеген қандастар, отандастар және жергілікті тұрғындар қатысты.

Ауқымды бағдарлама аясында әртістер «Біржан-Сара» операсынан қойылым көрсетті, қазақ халық әндері мен шетелдік, оның ішінде, классикалық шығармаларды орындады. Сондай-ақ, алматылық қариялар домбырада күй тартып, халық биінен өнер көрсетті.

Белсенді зейнеткерлерден тұратын «Ардагерлер» ансамблі, көрермендерді жоғары орындаушылық шеберліктерімен және сахналық костюмдерімен тәнті етіп, ұмытылмас әсер қалдырды.

Ұлттық киім киіп, қолдарына домбыра ұстап, халық әндерін шырқаған ақ жаулықты әжелер мен ақсақалдар өзге ел азаматтарын осылай салт-дәстүріміз бен мәдениетімізге тәнті етті. Бұл сапардың негізгі мақсаты – елімізді әлемге паш етіп, қазақ халқының текті, рухты екенін көрсету.

Ардагерлер кеңесінің мүшелері саяхат алдын ала жоспарланғанын және оған аудандық байқауда үздік өнер көрсеткен ата-әжелер барғанын айтты. Сапарды ұйымдастыруға Алатау ауданы әкімдігі мұрындық болған.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.