$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.10.2019, 16:03
Қоғам

«Мектептерде діни әңгіме айтқан жоқпын»: Мұхамеджан Тазабек Білім министрінің ескертуіне жауап берді

«Мектептерде діни әңгіме айтқан жоқпын»: Мұхамеджан Тазабек Білім министрінің ескертуіне жауап берді

Бүгін Мәжілісте Білім және ғылым министрі білім ордаларында ешкімнің уағыз айтуға болмайтынын шегелеп айтты. Осы жерде Асхат Аймағамбетов  соңғы уақытта өзін «психология ғылымдарының кандидаты» деп таныстырып жүрген Мұхамеджан Тазабектің Ақтөбе облысы, Шалқар қаласындағы №8 мектептегі кездесуіне тыйым салынғанын мысал ретінде келтірген. Осы мәлімдемеден соң лекциялары сынға ұшыраған Тазабектің пікірін білген едік:

«Ақтөбе облысы, Шалқар қаласында Мәдениет үйі жөндеуде болған соң әкімдік жанындағы жастар ұйымы мектепте өткіземіз деп шешкен. Соңында білім ошағында ештеңе өткен жоқ. Ақыры мәдениет үйінде ұйымдастырылды.  Кездесуде оқушы мен мұғалім көргенім жоқ. Көбі -  аудан ақсақалдары, қала тұрғындары  мен  жастар. Діни насихат  болған жоқ. Керісінше,  жиналғандарға  кейбір діни ағымдардың, радикализмнің жаман екенін айттым. Негізінен мен «Рухани жаңғыру» аясында ұлттық тәрбие, патриотизм, ұстаздар мен  ата-ананы құрметтеу жайында көбірек айтамын. Ара-тұра университеттерге де  шақыратынын жасырмаймын. Бірақ онда ата-ана, ақын ретінде барамын», - дейді Мұхамеджан Тазабек. 

Ал лекция оқуға гонорар төлей ме деген тілші сұрағына Тазабек: «Жолақысын кейде төлейді,кейде төлемейді» деп жауап берді.

«Кездесулер тегін өтеді, халықпен кездесуіме ел ақша төлемейді. Енді шапан жауып жатады. Оның үстіне ұйымдастырушыларға менің достарым, жергілікті кәсіпкерлер көмектесетін секілді. Өйткені, мені солар шығарып салып жатады. Ал былай қаржы туралы көп әңгіме болмайды», - дейді М.Тазабек.

Еске салайық, жақында Мұхамеджан Тазабектің полиция қызметкерлерімен өткізген кездесуінде айтқан пікірлері әлеуметтік желілерде сынға ұшырады. Осы шудың артынан Ақтөбедегі мектептердің бірінде М.Тазабековтің оқушылармен кездесуі өтетіні жөніндегі афиша тарап кеткен еді.

Серіктес жаңалықтары