$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
04.10.2019, 12:12
Оқиғалар

Тазабековтың полиция қызметкерлеріне уағызды қай жерде айтқаны белгілі болды

Әлеуметтік желілерде бұрынғы айтыскер, «Асыл арна» телеарнасының бас директоры Мұхамеджан Тазабектің еліміздегі әскерилер мен полиция қызметкерлеріне дәріс оқыған видеосы тарады

Тазабековтың полиция қызметкерлеріне уағызды қай жерде айтқаны белгілі болды
Фото: today.kz

ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, М.Тазабековтың полиция қызметкерлеріне өткізген дәрісі осы жылдың 6 қыркүйегінде Нұр-Сұлтанда болған.

«6 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласындағы ҚР Ұлттық музейінің залында ҚР еңбек сіңірген қайраткері, психология ғылымдарының докторы, «Асыл арна» телеарнасының бас директоры Тазабеков Мұхамеджан Оразбайұлымен Мамандандырылған күзет қызметі басқармасының жеке құрамының кездесуі ұйымдастырылды. Кездесу барысында Ішкі істер органдарына халықтың сенімін арттырудың ең басты бағыты ретінде рухани- адамгершілік тәрбиесі, полиция қызметкерлерінің мәдениетін арттыру мәселелері сөз болды» дейді министрліктің жауабында.

Телеарна басшысының айтқан сөздерінен құралған үзінді видеода «Мына елде революция жасау керек», «Алаңға шығыңдар», «Қырып жіберіңдер», «Төңкеріп жіберіңдер» деп туған жеріне туалет салмаған біреулер сенің қаның мен жасыңның есебінен өзінің жеке обидасын түгендемекші», «Біз қытайдан қорықпайық, құдайдан қорқайық», «Алаңға, ел паниковать етіп жатқан жерге баланы алып бару, әйелді апарып жылату – ең подлый нәрсе» деген сияқты тіркестерді кездестіруге болады. Сондай-ақ, алаңға шығатындар жайлы полиция өкілдерімен кездесуінде «Сіз приказбен келдіңіз бе, мемлекет үшін шаруаңызды орындаңыз» дейді.

Осы кең тараған видео желі қолданушылары арасында қызу талқыға түсіп жатыр. Пікірлер екіге айырылды дегеннен гөрі, біржақты сынау басым деуге болады. Тазабекке қарата айтылған сындардың денінде «Полицияны халыққа қарсы қойып отыр», «Тазабектің күштік құрылым қызметкерлеріне уағыз айтуға қандай құқығы бар?» деген уәждер айтылды.

Белгілі дінтанушы, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Қайрат Жолдыбайұлы бұрынғы айтыскер ақынға қаратып айтқан жазбасында «Діннің атын жамылып өтірік айту, дінді саясатқа қолжаулық ету ауыр күнә! Дінімізді сүйкімсіз етіп көрсетуге, халықты діннен бездіруге сенің қандай хақың бар?! Сасық саясатыңды, жеркенішті жағымпаздығыңа дінді араластырмашы! Өтініш!» деп қорытындылайды.

Ал, танымал журналист Мұхтар Түменбай телеарна басшысы Мұхамеджан Тазабектің күштік құрылым қызметкерлерінің алдында сөйлеген сөзінен бірнеше ой түйіндеуге болатынын жазды.

«Діни ағымдар, әбден күш алғаны сонша, ашықтан-ашық саясатқа араласа бастады. Әртіс пен спортшыларды жайғап болып, хұқық қорғау органдарына ықпал етуге көшті» деп тоқталады журналист. Сондай-ақ, «Биліктің дін адамдарын әкеліп күштік құрылымдарға уағыз оқуға рұқсат беруі бұл органдарда елдегі қалыптасқан ахуалға риза емес топтардың көбейіп келе жатқанын көрсетсе керек. Демек полиция мен армияда божырау бар» деген уәж келтіреді.

М.Тазабектің дәрісінде айтылған сөздерді «Полиция мен армияны халыққа қарсы айдап салу. Ашық конфронтацияға шақыру» деп есептейді.

Таралған видео мен айтылып жатқан сындарға қатысты Мұхамеджан Тазабектің өзі түсініктеме берді.

«Бүкіл кездесулеріме барып, видеоларымды жинап, мінсіз монтаж жасап, қай күні қанша адамға насихат айтқаныма дейін тәптіштеп, ерекше еңбек жасаған екенсіздер... Басын аяғына, аяғын басына жапсырып, бір сөйлемді екіге бөліп тұрып монтаждап, айрықша майталмандық танытқан екенсіздер» деп бастайды жазбасында.

Сондай-ақ, қарша борап жатқан сын-пікірлерге қатысты «Қаперсіздікпен қарғыс айтып жатқан да, түбін түсініп алғыс айтып жатқан да өзімнің қазағым. Ешкімге ренішім жоқ. Бүгін естіп отырған жалам емес, ертең тоқтап қалатын сынақ емес» деп қорытындылайды.

Серіктес жаңалықтары