«AMANAT» партиясында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысы талқыланды

Azattyq Rýhy

Байрақты бәсекеге 100 елден 2 мыңнан аса қатысушы келеді деп жоспарланып отыр

«AMANAT» партиясында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық барысы талқыланды
Фото: AMANAT партиясы баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясы жанындағы Азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» республикалық кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиын барысында Кеңес мүшелері V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге қатысты іс-шаралар жоспарының орындалу барысын талқылап, партияның сайлауалды бағдарламасындағы жол картасында айқындалған мәдениет және архив ісі қызметкерлерінің жалақысын екі есе ұлғайту мәселесін назарға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиынға Мәжіліс депутаттары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, қоғам белсенділері және өзге де азаматтар қатысты.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай биылғы су тасқынына байланысты, Мемлекет басшысы бірқатар ірі халықаралық іс-шараларды қысқарту жөнінде шешім қабылдағанын, дей тұрғанмен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қаржыны үнемдей отырып жоғарғы деңгейде өткізуді тапсырғанын атап өтті.

«Бұл дүбірлі доданы жоғары деңгейде өткіземіз деп сенеміз. Байрақты бәсекеде әр мемлекет атадан балаға мирас болған этноспорт түрлерін жоғары деңгейде танытуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ түбі түркі көшпенді халықтардың мәдени және рухани жақындасуына септігін тигізіп, ынтымақтастығын арттырады. Бұл дүние жұртының басын қосатын байрақты жарысты – Ұлы даланы дүбірге бөлеп, күн-түн демей ел қорғаған батыр бабалардың ат үстіндегі қайраты мен ептілігін танытатын аманаты, халқымыздың төл өнерін кеңінен насихаттап, ұлттық құндылығымызды әлемге тағы да бір әйгілеудің орайы деп түсінеміз. Сондықтан көшпенділер ойыны біздер үшін де, болашақ ұрпақ үшін де бабалар аманатының жаңғыруы ретінде бағалануы тиіс», – деді Кеңес төрағасы.

Осы орайда, Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев байрақты бәсекені ұйымдастыру жұмысына тоқталып, оған 100 елден 2 мыңнан аса қатысушы келеді деп жоспарланып отырғанын жеткізді.

«Ойындар тұжырымдамасы, спорт бағдарламасы, медиа-жоспар, регламенттеуші құжаттар, «Бірлік керуені» және  «Көшпенділер әлемі» этно ауыл жобаларының тұжырымдамалары бекітілді. Сонымен қатар, спорттық жарыстарды өткізу орындары, мәдени және ғылыми бағдарламалар, қатысушылардың тұрғылықты жерлері айқындалды. Айта кетейін, Дүниежүзілік ойындарды өткізу кезінде жаңа нысандар салынбайды. Бұрыннан бар инфрақұрылым пайдаланылады. Жалпы, бәсеке барысында 21 спорт түрі бойынша 97 медаль сарапқа салынады. Бүгінде Ұлттық құрама жасақталып, оқу-жаттығу жиындары өтуде», – деді вице-министр.

Бұл ретте, Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің төрағасы Рустам Әли партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасының жол картасында айқындалған мәдениет және архив ісі қызметкерлерінің жалақысын екі есе ұлғайту мәселесіне қатысты мәлімет берді.

«Архив ісі саласы мамандарының орташа жалақысы 2021 жылы 127 929 мың теңгені құраса, биыл қаңтардан бастап ол 225 мың 946 теңгеге жетті. Яғни, сайлауалды бағдарламаның орындалуы қатаң қадағалануда. Сонымен қатар, 2023 жылы министрлік ерекше еңбек жағдайлары үшін қосымша ақыны ұлғайту жолымен мәдениет және архив саласы қызметкерлерінің жалақысын арттыру туралы ұсыныс енгізді. Осылайша, бүгінде азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру жұмысы жалғасып жатыр», – деді комитет төрағасы.

Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жанарбек Әшімжанов архив ісі қызметкерлеріне, соның ішінде «Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының» мамандарына қолдау көрсету, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесін көтерді. 

«Орталық қызметкерлерінің басында баспанасы жоқ. Айлығы шайлығына жетпейді. Жүз мың теңгенің айналасында жалақы алады. Соған қарамастан, жап-жас қыз-жігіттер күндіз-түні көнетоз кітаптарды ақтарып, жанкешті жұмыс істеп жатыр. Олардың барлығы – халқымыздың болашақ ғалымдары. Шетелде мұндай мамандарға жасалатын жағдай да, сұраныс та өте жоғары деңгейде. Ал бізде маман тұрақтамайды. Сондықтан, орталық қызметкерлеріне қолдан келгенше қолдау көрсету керек», – деді депутат.

Жиын соңында Кеңес төрағасы Аманжол Әлтай отырыс барысында көтерілген барлық мәселе мінде түрде назарға алынатынын жеткізді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.