Маңғыстау облысында бюджет қаржысын жымқырған колледж директоры сотталды

Azattyq Rýhy

Үкім заңды күшіне енген жоқ

Маңғыстау облысында бюджет қаржысын жымқырған колледж директоры сотталды
Фото: istockphoto.com

Маңғыстау облысындағы «Бейнеу гуманитарлық колледжінің» директоры қызметкерлеріне сыйақы тағайындағаны үшін ақы алып, 30 млн теңгеге жуық пайдаға кенелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сотта сотталушы 2022 жылғы желтоқсан және 2023 жылғы тамыз айлары арасында колледж қызметкерлеріне сыйақы беру туралы бұйрықтар шығарғаны анықталды. Сотталушы тікелей кадр бөлімі басшысына нақты қандай қызметкерлерге сыйақы беру және оның мөлшері туралы бұйрықтар рәсімдеу туралы ауызша нұсқау берген.

«Колледж қызметкерлерінің бірқатары сыйақы ретінде өз есеп шоттарына аударылған ақшалай қаражаттарының бір бөлігін сотталушы Ж-ға қолма-қол, ал бірқатары сотталушыға колледж бухгалтері арқылы қайтарған.Салдарынан сотталушы Ж. колледждің бюджеттік қаражатынан 29 550 929 теңгені заңсыз иемденген. Сот жаза тағайындау кезінде жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде сотталушының өз кінәсін мойындауын, шын өкінуін, келтірген мүліктік залалды толық өтеуін, асырауында жас баласының барын ескерген.», - делінген Бейнеу аудандық соттың хабарламасында.

Сотталушы Ж. ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

ҚР ҚК-нің 74-бабына сәйкес, асырауында жас баланың болуына байланысты тағайындалған жазаның орындалуы 4 жыл мерзімге кейiнге қалдырылған.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.