«11 жыл бойы ұрып-соғып, азаптады»: Мақат ауданының әкімі бұрынғы әйелінің айыптауына жауап берді
Ол бұрынғы әйелі Ақмарал Үмбетқалиеваның сөзін жоққа шығарды
Атырау облысы Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимов бұрынғы әйелінің өзін ұрып-соққаны, қорлағаны туралы айыптауына жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ол бұрынғы әйелі Ақмарал Үмбетқалиеваның сөзін жоққа шығарды.
«Бұрынғы жұбайымның менің атыма таққан негізсіз айыптауларымен жалған ақпараттары БАҚ-та кеңінен тарап кетті. Жеке өмірім туралы пікір айтудың қажеті жоқ деп санаймын. Бұрынғы жұбайым әртүрлі әлеуметтік желілерде тараған соңғы оқиғаларға байланысты, менің лауазымды тұлға екенімді біле тұра, осындай мәлімдемелер жасап жатқан сияқты», - деп жазды ол Facebook-тегі парақшасында.
Әкім ортақ балалары – екі қызының өзімен бірге тұратынын, олар махаббат пен сүйіспеншілікте өмір сүріп жатқанын атап өтті.
«Мұндай шешім екі қызымның қалауы бойынша қабылданып, бұдан басқа бұл туралы соттың заңды шешімі де шыққандығын хабарлаймын. Шабуыл жасады деген айыптауларға келсек, қазір сот процесі жүріп жатқандығын және де БАҚ өкілдерінен асығыс қорытынды жасамауларын сұраймын», - деді Ринат Ибрагимов.
Айта кетейік, Атырау облысы Мақат ауданының әкімі Ринат Ибрагимовтың бұрынғы әйелі Ақмарал Үмбетқалиева өзін 11 жыл бойы ұрып-соғып, азаптады деп айыптаған болатын. Ал Атырау облысының әкімдігі қызметтік тексеру тағайындалғанын мәлім етті.