$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
20.04.2020, 18:34
Қоғам

Алматы әкімдігі кімдердің коммуналдық қарызын төлеп береді

Домофон, телефон, интернет үшін төлем жасалынбайды

Алматы әкімдігі кімдердің коммуналдық қарызын төлеп береді
Фотода Әсет Масабаев

Алматыдағы 60 мыңға жуық адамның коммуналдық төлем ақысын мемлекет өтейді. 15 мың теңге көлемінде берілетін ақша олардың дербес шотына мамыр айынан бастап аударылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Бұл туралы Алматы қаласы Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаев онлайн-брифинг барысында айтты. Мемлекеттік комиссияның шешімі бойынша, индустрия министрлігі коммуналдық меншікті өтеу бойынша ереже бекіткен. Коммуналдық төлем бойынша өтініштер 15-тен астам санат бойынша қабылданады.

«Осы ережеге сәйкес, коммуналдық өтеуді қабылдайтын әлеуметтік әл-ауқаты төмен тұрғындар бекітілді. Олар: І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедектер, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық барысында немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару және құқықтық-тәртібін орындау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары, ең төменгі зейнетақы алатын зейнеткерлер, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер», - деді Масабаев.

Басқарма басшысы аталған тұлғалардың коммуналдық меншікті өтеу шотына сәуір және мамыр айлары үшін 15 000 теңге аударылатынын айтты. Домофон, телефон, интернет үшін төлем жасалынбайды. Мемлекет тек су, жылу, газ, электр энергиясы және қатты қалдықтар үшін төлемді өтейді.

«Тізімге енгізілген барлық тұтынушы көмек алуға құқылы. Айта кететін жағдай, Алматы қаласында бұл тізімде 60 мыңға жуық адам бар. Осы азаматтардың әрбірінің дербес шотына 15 мың теңгеден бөлінеді. Бұл 15 мың теңге екі айға: сәуір және мамыр айларына бөлінеді. Сәуір айына келетін коммуналдық меншік бойынша өтеу мамыр айында, мамыр айындағы коммуналдық қызметті өтеу маусым айында жүрізіледі», - деді басқарма басшысы.

Әсет Масабаевтың айтуынша, карантин кезінде су мен электрді тұтыну 20%-ға артқан. Ал өндіріс орындарында керісінше, тұтыну күрт азайған. Брифингте басқарма басшысы Алматыда көпқабатты тұрғын үйлерге жылу беру 22 сәуірден бастап тоқтатылатынын айтты.

Әмірболат Құсайынұлы, Алматы

Серіктес жаңалықтары