Алматыда 42,5 мың теңге үшін қайтыс болған 5 адамның атынан өтініш берілген
Сондай-ақ басқа мемлекетке көшіп кеткен 11 адамның атынан құжат тапсырған
Төтенше жағдай кезінде жұмысынан, табысынан айрылған азаматтарға тағайындалатын 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем алу үшін кейбір алматылық тұрғындар әлдеқашан қайтыс болып кеткен марқұмдардың атынан да өтініш берген. Тексеру барысында басқа елге көшіп кеткен азаматтардың атынан да өтініштер берілген. Бұл Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат Шимашева айтып берді.
Әлеуметтік көмекті алу үшін Алматы қаласы бойынша 830 мыңнан астам тұрғын өтініш беріп, оның 361 мыңнан астамы қабылданған. Қаладағы 42 500 теңгеге өтініш берушілерге 15,4 миллиард теңге төленген.
«Мемлекеттен өзге де әлеуметтік көмек алып отырса да, 42 500 теңге алу үшін өтініш бергендер бар. Алматы қаласы бойынша басқа мемлекетке көшіп кеткен 11 адамның, қайтыс болып кеткен 5 марқұмның атынан өтініш түскені анықталды», - деді Алматы қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Рахат Шимашева.
Төтенше жағдай кезінде берілетін әлеуметтік көмек бойынша әлі де өтініштер түсіп жатыр. Сондай-ақ тұрмысы төмен 5 мыңнан астам отбасыға көмек ретінде азық-түлік берілген. Алдағы уақытта тағы 4 мыңнан астам отбасыға азық-түлік себеті таратылады.
Бүгін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 42 500 теңге айналасындағы дау-дамайға қатысты тағы да түсінік берді.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы