$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.05.2024, 16:12
Қоғам

Үйдегі қоқысты кіреберіске шығарып тастайтын надандар бар – Толықбай

Депутат тазалықты құндылық ретінде дәріптеу қажет деп санайды

Үйдегі қоқысты кіреберіске шығарып тастайтын надандар бар – Толықбай
Фото: instagram.com/maksattolykbai/

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мақсат Толықбай қазақстандықтарды тазалық мәдениетіне үйрететін кешенді бағдарлама әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ол үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында тазалық мәселесін көтерді.

«Елге тасқынмен бірге енді топалаң келеді. Өйткені, қарғын судан қорғану үшін мыңдаған қап мен пакеттерден бөгет тұрғыздық. Полиэтилен кленкаларды пайдаландық. Енді су кеткен соң осы кенеп қаптарды түгін қалдырмай жинап алмасақ, экологиялық апатқа тап боламыз. Оның үстіне сай-саладан келген су қаншама күл-қоқыс, қалдық, аң-құс пен малдың өлекселерін ағызып әкетті. Осы жемтіктерді залалсыздандырмасақ, мен айтып отырған топалаң құрғыр түрлі дерт пен ауруды таратуы мүмкін», - деп алаңдады мәжілісмен.

Осы орайда ол қазір республикада «Таза Қазақстан» айлығы өтіп жатқанын еске салды.

«Батыс елдерін айтпай-ақ қояйын, біз мына іргемізде отырған көрші өзбек ағайындардың тазалығына таңдай қағып, таңғаламыз. Ал мұндай мұнтаздай тазалық өзінен-өзі жасалмайды. Тазалық әрбір азаматтың өзінен, өз жауапкершілігін сезінуінен, тәртіпті сақтауынан басталады. Тазалыққа жауапты мекемелердің жұмысынан бөлек, тұрғындар көрінген жерге қоқыс тастап, көшелер мен аулаларды ластап кете беретін болса, нәтиже болмайды», - дейді Толықбай.

Депутат Алматының іргесіндесі «Алтын Орда» базарын мысалға келтірді.

«Барсаңыз енді күл-қоқыс, шаң-тозаң, құрт-құмырысқадан көз жылтырайды. Алатаудың баурайындағы әсем қала Алматы осы ма деп кейде еріксіз кейисің... Терезені ашып темекіні лақтыра саламыз, түкіре саламыз, стадион, кинотеатрға баорсақ та, ішкен жегеніміз сол жерде қалады. Көкке шықсақ та сол. Ұлттық парктердің бәрі қоқыс. Одан қалса, үйдегі қоқысты сасытып, подъезге шығара салатын надандар бар. Сол үшін сананы өзгертуіміз керек. Тазалықты кәдімгі құндылық, тіпті, керек болса тәртіп ретінде дәріптеуіміз керек», - деп санайды ол.

Осыған байланысты Мақсат Толықбай үкіметке қоғамда тазалық сақтау мәдениетін қалыптастыруға арналған кешенді бағдарлама әзірлеп, іске асыруды ұсынды.

Айтуынша, әкімдіктер өздеріне қарасты аумақтарды тұрақты абаттандырып,  жасыл желек егумен ғана шектелмей, оны күтіп-баптау ісіне де көңіл бөлуі тиіс. Ал оқу-ағарту министрлігі оқушылар арасында «Экологиялық сана» атты ағартушылық сынып сағаттарын өткізуді жолға қойғаны жөн.

 

 

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#қоқыс #тазалық