Бір-бірін танымайтын қыз бен жігіт конкурсқа қатысып, ғашықтарға айналған
Қосшы қаласында «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» күні тойланды
Қосшы қаласында «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» ғашықтар күніне орай «Бағаласаң бақытыңмын» атты жас отбасылар мен жас жұптар арасында байқау өтті, деп хабарлайды Аzattyq ruhy.
Аталған шараның мақсаты ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру арқылы, үлгілі отбасын қалыптастыру. Отбасы құндылықтарын насихаттау, отбасын құруға ұмтылған қыз-жігіттер арасындағы достықтық қарым-қатынысты, шынайы махаббатты насихаттау.
Байқауға отау құрғандарына 5 жыл толмаған жас отбасынан 5 жұп және қыз-жігіт болып қол ұстасқан 5 жас жұп қатысты.
Биыл бірінші рет өтіп жатқан байқау «Менің отбасым», «Артық болмас білгенің», «Жанұя бірлігінің құпиясы», «Ақсүйек ойыны» сынды кезеңдерден тұрды. Әр кезеңнің өзінің миссиясы мен атқаратын міндеттері бар. Мәселен, «Менің отбасым» кезеңінде қатысушы өз отбасын құру тарихын, алғашқы кездесуі мен отбасындағы ғибратты оқиғаларды айтты. Ал «Жанұя бірлігінің құпиясы» кезеңінде жұптарға арнайы ситуациялық жағдайларда қандай әрекеттер жасау керектігі бойынша сұрақтар берілді. Сол бойынша әр жұп қандай жағдайда қалай әрекет ету керектігі туралы пікір-ұсыныстарын айтты.
Байқаудың «Ақ сүйек» ойыны кезеңі өте қызық өтті деуге болады. Ойын тәртібі бойынша бұған тек отбасын құруға ниетті жас жұптар мен қыз-жігіттер қатысты. Жүргізуші ақсүйектің жасырынған аймағын айтты. Жұптар сүйекті іздеуге кіріседі. Оны бірінші тапқан жұп оны бірінші болып сөреге жүгіруі тиіс. Ал қалған жұптар табылған ақсүйекті тартып алудың айла-амалдарын қарастырады. Табылған ақсүйекті кім бірінші сөреге жеткізсе сол жеңімпаз болады. Ақсүйекті жас жұптардың ішінен Елшат пен Гүлфайруз тауып алды. Оларға арнайы дайындалған сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар осы іс-шара аясында бұрын бір-бірін мүлде танымайтын, бірақ осы жарысқа келіп танысып, қыз-жігіт бір-бірін ұнатып, жұптасты. Бекежан деген жігіт осы жарысқа келіп Гүлмарал деген аруға сезімі оянған.
«Ғашықтар күнінде Қосшыда тұратын Бекежан мен Гүлмарал конкурсқа қатысып, аяқ астынан әдемі жұпқа айналды. Жалпы өзіміздің ұлттық құндылығымызды, жастар арасындағы достық, махаббатты насихаттайтын осындай шараларды жиі өткізу аса маңызды деп ойлаймын», - дейді Қосшы қаласының Жастар ресурстық орталығының басшысы, қалалық мәслихат депутаты Ақылбек Данабекұлы.
Айта кетейік, «Қозы Көрпеш - Баян Сұлу» ғашықтар күні 2011 жылдан бері тойланып келеді. Қосшы қаласында бұл мереке жыл сайын өтеді.