Үкімет шегірткеге қарсы күреске дайындық барысын талқылады

Azattyq Rýhy

Биыл елде шегіртке үйірінің таралуы 2,5 млн га аумақты қамтиды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге жоғары

Үкімет шегірткеге қарсы күреске дайындық барысын талқылады

Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин шегірткеге қарсы күреске дайындық бойынша кезекті кеңес өткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтановтың айтуынша, қазіргі уақытта қоймаларда 1,16 млн гектар аумақты өңдеуге арналған пестицидтер бар. 323,6 мың гектар жерге пестицидтер сатып алуға келісімдер жасалды. Сонымен қатар тағы 607,5 мың гектар алқапқа пестицидтер жеткізу бойынша қосымша келісімдерге қол қою жұмыстары жүргізіліп, 2024 жылдың 20 сәуіріне дейін орталық қоймаға жеткізіледі. Бұл химиялық заттардың жалпы көлемі 2,09 млн гектар аумақты өңдеуге жетеді. 62,5 мың гектар жерге биопестицидтер сатып алу бойынша конкурстық рәсімдер жалғасуда.

Химиялық өңдеу қызметтерін сатып алуға келетін болсақ, қазірдің өзінде 719 мың гектар аумаққа тиісті келісім-шарттар жасалған. 1,6 млн гектар аумақта химиялық өңдеу қызметтерін сатып алуға конкурстық рәсімдер жалғасуда.

Шамамен сәуір айының үшінші онкүндігінде Түркістан облысында шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары басталады. Сонымен қатар, бұл өңірде пестицидтердің құнын, оларды тасымалдау, сақтау және пайдалану қызметтерін қоса алғанда, бірыңғай қызметті сатып алуға көшу пилоттық режимде сынақтан өтуде. Келер жылы республика бойынша шегірткеге қарсы күрес қызметтерін орталықтандырылған түрде бірыңғай сатып алуға көшу жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бұл жер өңдеудің сапасы мен нәтижесін бақылауға мүмкіндік береді, орындаушылардың жауапкершілігін арттырады және жалпы осы қызметтерді сатып алуға бизнестің қатысуы үшін тартымды болмақ.

Атап өтілгендей, биыл Қазақстанда шегіртке үйірінің таралуы 2,5 млн га аумақты қамтиды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда (1,6 млн га) 1,5 есеге жоғары. Бұл ретте зиянкестер Ақтөбе (784,4 мың га), Қостанай (776,9 мың га) және Түркістан (271,6 мың га) облыстарында көп таралады деп күтілуде. 2024 жылы шегіртке үйірлерімен күресу үшін республикалық бюджеттен барлығы 8,1 млрд теңге бөлінді, бұл жобаланған аумақты түгелдей өңдеуге жетеді.

«Биыл жақсы өнім күтеміз, егін егу науқанын сапалы өткізу үшін шаруаларға көктемгі дала жұмыстарына, жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер, тыңайтқыштар және басқа да қажетті компоненттерге қосымша қаражат бөлінуде. Ал шегірткемен күресу бойынша барлық дайындық жұмыстары дер кезінде және кешіктірілмей аяқталуы тиіс. Ешқандай олқылыққа жол берілмеу керек», — деді Серік Жұманғарин.

Жиында вице-премьер Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің өсімдіктерді қорғау және карантин саласындағы реформалар бойынша ұсыныстарын тыңдады. Ұсынылған шаралар кешені үш жылға есептелген. Онда шегірткеге қарсы күрес жөніндегі іс-шараларды орталықтандырудан басқа, Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығын зиянкестердің, өсімдіктер ауруларының және арамшөптердің таралуын бақылаудың инновациялық құралдарымен жарақтандыру, төтенше фитосанитариялық іс-шараларды өткізу тәртібін әзірлеу, цифрландыру және шегіртке зиянкестерінің және басқа да аса қауіпті зиянкестердің ошақтарын, карантиндік объектілерді есепке алудың географиялық ақпараттық жүйелерін енгізу, өңірлік зертханаларды қажетті құрал-жабдықтармен жабдықтау және басқа да шаралар қамтылған.

«Ветеринария мен фитосанитариядағы басты міндет – осы қызметтердің техникалық артта қалуын жою. Заңнамаға түзетулердің кең пакетін әзірлеп, бекіту қажет. Нысандарды заманауи материалдық-техникалық құралдармен жабдықтаумен қатар, жаңа технология бойынша мамандарды даярлау қажет. Нақты ұсыныстар әзірлеп, оны жүзеге асыруға кірісу керек», — деп түйіндеді сөзін Серік Жұманғарин.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.