$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
19.03.2024, 14:57
Қоғам

ШҚО-ның 6 ауданында су тасқыны қаупі төніп тұр

Сынап бағанасы күрт жоғарыласа, жағдай ушығуы ықтимал

ШҚО-ның 6 ауданында су тасқыны қаупі төніп тұр
Фото: Azattyq Ruhy / Әсет Құндақбаев

ШҚО-ның 6 ауданында су тасқыны қаупі бар. Сондықтан қазір мұз көбесін сөгіп, арықтарды аршып, су өткізу құбырларын тазалау, бөгеттерді биіктету сынды жұмыстар атқарылып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі 24kz-ке сілтеме жасап.  

Сынап бағанасы күрт жоғарыласа, жағдай ушығуы ықтимал. Облыс орталығы Өскеменде де қарбалас. Өйткені қала ішімен 4 өзен, 6 бұлақ өтеді.

Сынап бағанасы көтерілген сайын қауіп те күшейіп келеді. Қатонқарағай, Глубокое, Алтай, Күршім, Марқакөл аудандары мен Риддер қаласы қауіп астында тұр. Дегенмен тасқынның аты – тасқын, әр аудан қатерге дайын болуы керек. Үлбі өзенінен төнер қауіп аз емес, сондықтан мұнда бөгет тұрғызылып жатыр.

Үлбі – қала ішімен өтетін 4 өзеннің бірі. Өткен жылы 150 метрге дейін су жайылып, жағасын шайып кеткен еді. Сол кезде осы маңдағы елді мекенге су кіре жаздаған еді. Биыл сол қатердің алдын алып, жағасы бекітіліп жатыр. Осы жұмыс үшін жалпы 7-8 мың текше метр тас жеткізілмек.

Айта кетсек, облыста ірілі-ұсақты 1200 өзен бар. 80-нен астам гидроқұрылғының жағдайы мәз емес, тозып тұр. Мәселен, Зайсандағы Үйдене су қоймасын жөндеу сұрағы әлі шешілмей тұр. Мамандар тек мониторинг жасап қана, қарап отыр.

Биыл қар көп жауды. Қалыңдығы 1 метрден асып кеткен аудандар бар. Жалпы облыстағы қалалар пен елді мекендерден 350 мың текше метр ұлпа шығарылды. Су тасқыны бола қалса, екі мыңнан астам жеке құрам, 700-ден аса техника, 200-ден аса су сорғы, 60 қайық әзір тұрғаны айтылды. Эвакуациялық пунктер де дайын. Осы тасқынға қарсы іс-шаралар үшін 2,5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.

Серіктес жаңалықтары