$ 509.51  570.6  6.3
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Мыңдаған шағым түседі»: Үкімет басшысы ауыл инфрақұрылымының нашарлығын сынады

Кейбір ауылдардың тұрғындары басқа елді мекендерге барып емделуге, оқуға мәжбүр

«Мыңдаған шағым түседі»: Үкімет басшысы ауыл инфрақұрылымының нашарлығын сынады
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Өңірлік стандарттар жүйесінде көрсетілген сапалы жол, медицина мен білім беру сияқты ауыл халқының жайлы тұрмысына қажетті игіліктердің барлығы әрбір елді мекенде болуға тиіс екенін атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Әр ауыл тұрғыны тұрмыстық ахуалдың жақсарғанын қалайды. Ол үшін біз қала мен ауылдың тұрмыс деңгейіндегі алшақтықты біртіндеп қысқартып келеміз.Мұндағы негізгі фактор – қолжетімді қызметтер, яғни сапалы жол, медицина мен білім беру сияқты ауыл халқының жайлы тұрмысына қажетті игіліктердің болуы. Қазіргі уақытта Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес, әкімдіктерге ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту бойынша міндеттер қойылып отыр. Объектілер мен қызметтердің нақты тізбесі осы Жүйеде қамтылған. Тізбеде жазылған игіліктердің барлығы әрбір елді мекенде болуға тиіс. Алайда стандарттар жүйесін басқа бағдарламалық құжаттармен, соның ішінде ұлттық жобалармен өзара үйлестіру мәселесі шешімін таппай келеді. Осының кесірінен ауылдардың сұраныстары тиімсіз жоспарланады. Мектептер мен медициналық мекемелер – ауылдағы ең маңызды объектілер. Оларға айрықша назар қажет», - деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы қазіргі таңда апатты жағдайда тұрған ауыл мектептерінің көп екенін айтты.

«Денсаулық сақтау ғимараттары тапшы. Кейбір ауылдардың тұрғындары басқа елді-мекендерге барып емделуге, оқуға мәжбүр. Сондай-ақ ауыз су мен жолдардың сапасына, электр қуаты мен ұялы байланыстың жағдайына және Интернеттің қолжетімді болуына қатысты мыңдаған шағым келіп түседі. Мұның барлығы ауыл тұрғындарының жаппай көшіп кетуіне себепші болады», - деді Үкімет басшысы.

Олжас Бектенов әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын, әсіресе шекара маңындағы аумақтардың инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын күшейту керектігін айтты.

«Осы міндеттерді кезең-кезеңмен шешу үшін салықтардың және бюджетке түсетін төлемдердің кейбір түрлерін ауылдық округтердің бюджетіне беруді жалғастыру қажет. Сондай-ақ жеке бастамаларға белсенді қолдау көрсету керек. Әрбір бизнес субъектісі экономикалық жауапкершілікпен қатар, халық алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін де терең сезінуге тиіс», - деді Олжас Бектенов.

Ол жеке басының ғана емес, туған ауылының да қамын ойлайтын кәсіпкер маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда мемлекетке жәрдем көрсете алатынын атап өтті.

«Мәселен, былтыр Түркістан облысының Шұбарсу ауылынан шыққан кәсіпкер сол елді-мекенге үлкен мектеп салып берді. Ақмола облысының Қараөткел ауылында жеке қаражатқа балабақша салынды. Кәсіпкерлер тұрғын үй құрылысына, жолдарды жөндеуге, көшелерді абаттандыруға, қоғамдық демалыс орындарын салуға  қолдау көрсетуде. Елімізде мұндай жақсы мысалдар жеткілікті. Әкімдіктер ауыл тұрмысын жақсарту ісіне бизнесті де белсенді жұмылдыруға тиіс. Сонымен қатар әкімдіктер ауылдық жерлерде кадр тапшылығы мәселесін шешуі қажет. Келген мамандарға, әсіресе жастарға қолдау көрсету керек.  Ол үшін «Дипломмен ауылға» жобасы бар. Жалпы Ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының іс-шараларынан туындайтын барлық мәселелер жергілікті жерлерде жедел әрі тұрғындардың пікірін ескере отырып, шешілуге тиіс», - деді Премьер-министр.

Олжас Бектенов ауылдық жерлердің мәселесін шешу бойынша Ұлттық экономика министрлігіне тапсырмалар берді.  

«Бірінші. Өңір әкімдіктерімен бірге ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуда кешенді тәсілді қолдану керек. Өңірлік стандарттар жүйесін негізгі бағдарламалық құжаттармен өзара үйлестіруді қамтамасыз ету қажет. Бұл орайда, жобалардың басымдығын және ауыл тұрғындарының барлығына бірдей игіліктер мен қызметтердің  қолжетімді болуын назарда ұстау керек. Әйтпесе, кейбір ауылдарда 2 медпункт бар, ал кей жерлерде бірде-біреуі жоспарланбаған. Басқа объектілерге қатысты жағдай да осындай. Мұндай кемшіліктерге жол беруге болмайды.

Екінші. Қаржы министрлігімен бірлесіп, қолданыстағы бюджет заңнамасын жетілдіру шеңберінде ауылдағы тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету мәселелерін шешудің тиімділігін арттыру үшін ауылдық округтер әкімдіктерінің кіріс базасын кеңейту мәселесін пысықтау қажет.

Үшінші. Ауылда инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бюджеттен тыс қаражат тарту бойынша әкімдіктердің жұмысын бағалау үшін нақты индикаторларды айқындау керек», - деді ол.

Сонымен қатар, облыс әкімдіктері ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының іс-шараларына бөлінетін бюджет қаражатының тиімді игерілуін қамтамасыз етуге тиіс.

Серіктес жаңалықтары