Жайлы мектептердің құрылысы Үкіметтің қатаң бақылауында болады – Бектенов
Үкімет басшысы жауапты тұлғаларға тапсырма берді
Үкімет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру барысындағы кемшіліктерді атап, жауапты тұлғаларға тапсырма берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының елімізге керекті, өте маңызды жоба екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Бұл Мемлекет басшысының тікелей бастамасы. Дей тұрғанмен, Ұлттық жобаны іске асыруда белгілі бір шикіліктер де бар екенін атап өткен жөн. «Самұрық-Қазына» қорының тарапынан мердігер ұйымдардың жұмысына тиісті бақылау жасалмай отыр. Сонымен қатар, жекелеген өңірлерде әлі күнге дейін жер учаскелерін рәсімдеу және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мәселелері шешілмей келеді», - деді Олжас Бектенов.
Оның айтуынша, өңір әкімдері тарапынан орын алып отырған формализм мен мәселені орталыққа ысыра салу әрекеті жобалау және құрылыс жұмыстарының кешігуіне себеп болып отыр.
«Сондықтан объектілер уақытында тапсырылмай қала ма деген қауіп те жоқ емес. Құрылыс материалдарын, жабдықтар мен жиһаздарды сатып алу ісіне барынша отандық өндірушілерді тарту қажет. Әрбір басшының тікелей есіне саламын – жайлы мектептердің құрылысы Үкіметтің қатаң бақылауында болады», - деді ол.
Үкімет басшысы аталған жұмысқа тартылған барлық мемлекеттік органдардан нақты іс-қимылдарды талап етті.
«Біріншіден, «Самұрық-Қазына» қорына 1-ші қыркүйекке дейін 98 мектептің, ал осы жылдың соңына дейін қалған 119 мектептің пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Мерзімдердің бұзылуына ешқандай жол беруге болмайды.
Бұл ретте, жұмыстардың сапасы ақсамауы тиіс. 15-ші мамырға дейін барлық жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуді және мемлекеттік сараптамадан өткізуді аяқтау қажет.
Екіншіден, өңір әкімдері 15-ші наурызға дейін мектеп құрылысына арналған жер учаскелерін рәсімдеуге қатысты барлық проблемаларды шешуі тиіс. Биыл пайдалануға берілетін мектептерге баратын жолдар мен инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысын осы жылғы 1-ші тамызға дейін аяқтау қажет.
Астана және Алматы әкімдері 15-ші желтоқсанға дейінгі мерзімде инвесторлардан сатып алынатын 9 мектепті пайдалануға беруді қамтамасыз етсін.
Үшіншіден, Оқу-ағарту министрлігі Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, салынып жатқан мектептерді алдын ала педагог кадрлармен қамтамасыз етуі тиіс. Объектілер ашылғаннан кейін бірден нақты жоспарлы оқу процесін ұйымдастыру қажет.
Цифрландыру министрлігі мектептерді сапалы интернетпен қамтамасыз етсін.
Ішкі істер және Оқу-ағарту министрліктері жайлы мектептердің, оның ішінде іргелес жатқан аумақтардың қауіпсіздігі мәселесін ерекше бақылауға алуы қажет. Біз Ұлттық жобаны іске асыру барысын маусым айында қайта қараймыз.
Егер жұмыс тәсілі өзгермесе, жауапты тұлғаларға қатаң шаралар қолданылады», - деп сөзін қорытындылады Үкімет басшысы.